АСТАНА, 21 желтоқсан — Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысында бес ауыл тұрғыны уланып қалды, олардың төртеуі көз жұмды.
"Буденное ауылындағы жеке тұрғын үйде пешті дұрыс пайдаланбау салдарынан төрт адам уланып өлді, біреуі ауруханаға жеткізілді", — деп хабарлады ТЖ комитеті.
Қаза болғандардың үшеуі бір отбасыдан. Олардың арасында бала жоқ. Бұл туралы Sputnik Қазақстанға комитеттің баспасөз қызметі айтты.
Құтқарушылар тұншықтырғыш газдың иісі болмағанмен улы болатынын ескертеді. Одан уланғандар өліп кетуі мүмкін. Сондықтан көмір пешін қолдану кезінде барлық қауіпсіздік ережесін сақтау қажет.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан екі күн бұрын Түркістан облысында бір отбасының үш мүшесі көз жұмғанын хабарлаған едік. Мәйіттер 18 желтоқсан күні кешкі сағат 21:05-те табылды. Олар 1960 жылы туған отағасы, 1961 жылы туған жұбайы мен 1989 жылы туған ұлы болып шыққан. Алдын ала мәлімет бойынша табиғи газбен жанатын жылыту қазандығының ақауы салдарынан уланып қалған.