АСТАНА, 17 желтоқсан – Sputnik. Pro Box тұжырымы бойынша ТМД чемпионы атанған Ибрагим Ескендір бапкерлері мен ұстазына алғыс айтып, жекпе-жектің видеосын жариялады.
"Тәуелсіз елге тірек болар ерлеріміз көп болғай! Сіздермен бірге әлі талай асуды бағындырамыз. Сіздердің тілектеріңіз, сындарыңыз қанат берді, шыңдады", — деп жазды Ибрагим Ескендір инстаграмдағы парақшасында.
Ол кәсіпқой бокста сенім артқан, баптаған Жалғас Төкешовке алғыс айтып, жылы лебізін білдірді.
"Жәкемен қоса шетелдік кәсіпқой бапкерлерден кем түспейтін Бауыржан Рысбек бапкеріме зор алғысымды білдіремін.
Алғашқы бапкерім Аманжол Бақаев ағама үлкен раxметімді айтамын.Ағалық қамқорлығын аямайтын ұстазым, жанашыр ағам Бекболат Тілеуxан ағама Алла разы болсын! Аллаға шүкір Pro Box тұжырымы бойынша және Азия белдігі қанжығада!", — деп түйіндеді боксшы.
Айта кетейік, Мәскеуде өткен кәсіпқой бокс кеші аясында Ибрагим Ескендір әзірбайжандық Анар Абдуллаевпен кездескен болатын. 10 раундқа есептелген жекпе-жекте қазақстандық боксшы үш минутта-ақ нокаутпен жеңіске жетіп, алғашқы титулына қол жеткізді. Бұл Ибрагимнің кәсіпқой бокстағы алтыншы жеңісі. Алғашқы жекпе-жегін былтыр желтоқсан айында өткізді. Ол кезде қырғызстандық қарсыласын екінші раундта нокаутқа түсірді.
Ибрагим Ескендірді жұрт әнші әрі музыкант ретінде біледі. Әсіресе "Көк тудың желбірегені" әнінен кейін қазақ қоғамына кеңінен танылды. Бұдан бұрын Ибрагим бірнеше жыл бойы спортпен айналысып, бокстан спорт шеберлігіне кандидат болған.