АСТАНА, 12 желтоқсан — Sputnik. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Түркістан қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өтті, деп хабарлайды Ақорда.
Жиынды ашқан мемлекет басшысы Түркістан қаласында құрылыс жұмыстарын бастау үшін шұғыл шаралар қабылдау қажеттігін айтты.
"Түркістан – бүкіл халқымыз үшін қасиетті қала. Біз бұл шаһарды одан әрі дамыту мәселесін жан-жақты талқылап, тиісті тапсырмалар беріп, қажетті қаражат бөлдік. Уақыт келді, алайда ешқандай жұмыс басталған жоқ. Облыс орталығын салу жөнінде белгілеген жоспарды орындауға кірісу керек", – деді Назарбаев.
Қазақстан президенті қаланың әкімшілік-іскерлік орталығын, тұрғын үйлер алабын және әлеуметтік нысандарды салу басым бағыт болып саналатынын атап өтті.
Жиында премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Маминнің, Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың, мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының және халықаралық сәулет байқауы комиссиясының төрағасы А. Зікіриннің Түркістанның бас жоспарының тұжырымдамасын іске асыру барысы, соның ішінде қалада жаңа нысандар салу жоспарлары туралы баяндамалары тыңдалды.
Жиын соңында мемлекет басшысы балама энергия көздерін пайдаланудың маңыздылығына назар аударып, облыс орталығын энергиямен және сумен қамтамасыз ету салаларын жақсартуға қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.