Өңірлер

Үш әйел алған түркістандық қария төртіншісіне үйленуге кет әрі емес

© Sputnik / Жансая ТәуекелқызыСапаралы Серікбаев үш әйелінен он ұл-қыз тәрбиелеп өсірді
Сапаралы Серікбаев үш әйелінен он ұл-қыз тәрбиелеп өсірді - Sputnik Қазақстан
Жазылу
72 жастағы ақсақал мемлекет көп әйел алуға рұқсат беру керек деген пікірде

ТҮРКІСТАН, 11 желтоқсан — Sputnik, Жансая Тәуекелқызы. Түркістан облысының Жетісай ауданында тұратын Сапаралы Серікбаев үш әйелінен он ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Қарияның тоқал мен нақсүйер алуына бәйбішесі мен балалары қандай көзқараста болды? Үш шаңырақты тату-тәтті ұстап отырудың сыры неде? Балалардың тәрбиесі кімнің мойнында? 72 жастағы қария тілшісіне берген сұхбатында жан сырын ақтарды.

"Әкем теріс жүріп, қыздардың көз жасына қалма дейтін"

Кольца молодеженов в руке - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Алдан Смайыл: Тоқал алу – надандықтың, топастықтың белгісі

Серікбаевтар әулеті үшін көп әйел алу жат емес. Себебі Сапаралы ақсақалдың  әкесі де кезінде үш әйел алған екен. Одан 20 ұл-қыз тараған. Біздің кейіпкеріміз бәйбішенің ұлы. Әкесінің кіші әйелдерін "анашым" деп атаған.  

"Әлі есімде менің анам әкемнің екіншісіне сіңлісіндей құрмет көрсетті. Бір-біріне сыйы ерекше болды. Үшіншісімен де қарым-қатынасы жақсы болды. Үш әйел де тату болған соң балалар да бауырмал болып өсті. Мынау бәйбішенің не тоқалдың баласы деп бөле-жармаймыз бір-бірімізді. Негізі марқұм әкем" биең көбейсе, құлын да көбеймек, не істесең де адал бол. Арам жолға түспе. Некелеп ал. Ешқашан сүрінбейсің. Некеде дүниеге келген баланың да жүзі жарқын, тәрбиелі болады" деп үнемі ақылын айтып отыратын" деп әңгімесін бастады ақсақал.

Айтуынша, әкесі "қыз баласының көз жасына қалма" деп құлағына құйып өткен. Бірақ бірнеше әйел ал деп ешқашан үгіттемепті.

"Өз қалауыммен некесін қиып алдым кейінгілерімді", — дейді түркістандық қария.  

Тоқалымен некесін бәйбішенің көзінше қидырған

Сапаралы Серікбаев аудандағы мәдениет үйінде қызмет етіп жүріп екінші рет үйленуге шешім қабылдайды. Шешімін бәйбішесіне келіп айтады. 

"Кеңес үкіметі заманы. Көп әйел алу деген қатты бақылауда болды. Екіншімді үйге алып келіп, түн ішінде ауылдың имамын шақырып, некемізді қара шаңырақта қидырдық. Ол үйде бәйбішеммен бірге тұрғанмын. Өзімнің туыстарым мен қайын ағаларымды шақырып, батасын алдым. Алғашында оның ағалары қарсы болғанымен, бәйбішем өзі рұқсатын бергенін айтты",-деді ақсақал.

Түрікменстан президентінің Ашхабадтағы сарайы - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Тоқал алуға бола ма? Түрікменстан президенті заңға қол қойды

Бәйбіше мен тоқал бір ауылда екі бөлек шаңырақтың астында тұрған. Қандай да жиын болса, отағасы екі әйелін жанынан тастамаған. Ол заманда екі әйелі бар деп билік тарапынан талай арыз да түскен екен. 

Сапаралы Серікбаев 50 жасқа толып, дүркіретіп той өткізеді. Бұл қуанышты бәйбіше мен тоқал той иесі ретінде бірге атқарыпты.

Арада жылдар өтіп бәйбіше өмірден озады. Бұл кезде отағасы тоқалмен бірге тұратын. Кейінірек аяқ-қолы мазасын алып, емшіге барады. Ең қызығы, оны екінші әйелінің өзі ертіп апарыпты. Арада сезім оты тұтанып, Сапаралы Серікбаев сырқатын емдеп берген келіншекпен шаңырақ көтереді. Ол қазір Ордабасы ауданында. Бірақ, балалары үлкен шаңыраққа жиі келіп тұрады.

Үш әйелден тараған балалар бір үйдің балаларындай тату-тәтті

Қария үш әйелінен 10 ұл-қыз сүйді. Бүгінде 15 немере мен 10 шөберенің қызығын көріп жүр. Ерекше атап өтерлігі, үш шаңырақтан тараған балалар бір-бірімен араласады. Тіпті тоқалдың ұлы сабақтан келерде бірінші кезекте бәйбішеге барып, сәлем беретін болған екен. Бәйбішенің үлкен ұлдары екінші әйелді "анашым" десе, кейінгілері "жеңге" деп атайды. Қысқасы, бұл әулетте қандай да жиын өтсе, үш шаңырақтың перзенттері бас қосады.

© Sputnik / Жансая ТәуекелқызыСапаралы Серікбаев үш әйелінен он ұл-қыз тәрбиелеп өсірді
Сапаралы Серікбаев үш әйелінен он ұл-қыз тәрбиелеп өсірді - Sputnik Қазақстан
Сапаралы Серікбаев үш әйелінен он ұл-қыз тәрбиелеп өсірді

Қарияның екінші әйелі: "Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды"

Сұхбат барысында Сапаралы ақсақалдың екінші жары, бүгінде бір шаңырақ астында бірге тұрып жатқан Гүлжамила апаны да әңгімеге тарттық.

Иран, иран әйелдері, архив - Sputnik Қазақстан
Әлем
Жасырын тоқал алған ерлер абақтыға жабылады

"Мен негізі өнер адамдарын қатты құрметтеймін. Отағасы өнер адамы ғой, ән айтып, баян тартқан сәтте бір көргеннен көзге түсті. Отыз жасымда тұрмысқа шықтым. Ал бәйбішені оған дейін танитынмын. Араласып тұрдық. Ол кісінің өзі рұқсат берді. Біз шаңырақ көтермей тұрып та үлкен үйге (бәйбіше мен Сапаралы ақсақал тұрған қара шаңырақ) барып тұрдым. Шүкір, арамыз жаман болмады. Иә, кейде отбасы болған ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Бірақ ондай кезде әйел адам иіле салуы керек" деген Гүлжамила апа жолдасы төртінші рет үйленемін десе, қарсы емеспін деп қалжыңдап жауап қатты. Бұл сұраққа қарияның өзі былай деді:

"Немере, шөберелермен жарысып үйленіпті демесе, негізі ойда бар (күліп). Немерелерім үйленерде сендермен бірге күйеу жігіт болып барайын" деп әзілдеймін".

Мемлекет көп әйел алуға рұқсат етуі тиіс

Түркістан тұрғыны елімізде көп әйел алуға заң тұрғысында рұқсат берілмеуін бұрыс деп есептейді. 

"Негізі бұл мәселені айқайлап тұрып айту керек. Егер шектеу қойса, халық саны қайтіп көбеймек? Кеңес үкіметі заманында бақылау қатты болмағанда төртінші, бесінші әйел алар ма едім?.. Арыз түсе берген соң қайтіп аламын? Көп әйел алсаң, артыңда ұрпағың көп қалады. Көпбалалы отбасында тәрбие көрген бала бауырмал болып өседі. Мәселен, мен өзім сондай отбасында өстім. Қазір  бір жиын болса, бәріміз жұмыла кетеміз. Бастысы, тәрбие дұрыс берілуі керек және бәйбішеден бастап кейінгілердің де рұқсаты қажет. Жағдайы, денсаулығы жарап тұрса, ер азамат неге көп әйел алмасқа?",-деді ол.

"Жастарға ақылым…"

"Мен ешқашан үш әйелім бар" деп көпшілік орында мақтанған емеспін. Сұраса, жасырмаймын" деп сөзін жалғаған қария  жастарға өз ақылын да бере кетуді жөн санады.

Бекболат Тлеухан - Sputnik Қазақстан
Бекболат Тілеухан: менде 11 емес, 14 бала бар

"Еркек – әйелдің пірі" деген кереметтей сөз бар. Отбасында еркектің дегені болуы тиіс. Мен онымен еркек оңды-солды жүруі керек дегенді меңзеп тұрғаным жоқ. Тағы да қайталап айтамын, не істесең де адалынан жасағаның дұрыс. Әйел үйден шығарда мейлі дүкен не базар болсын, еріне ескертуі керек. Бұл – құрмет. Әйтпесе үйде ұрыс шығуы мүмкін. Ал отағасы жарына айтарын сөзбен түсіндіру керек. "Сөз сүйектен өтеді" деген бар емес пе?" деген Сапаралы Сапарбеков бүгінде елімізде ажырасудың көбейіп кетуінің негізгі себебін де жеткізді. 

"Қол көтерген соң ажырасып кетіпті дейтіндер бар. Бәлкім оның да себебі бар шығар. Ішімдік мәселесін тыю қажет. Жүз грамм ішіп, оның соңы тағы жүз, екі жүз грамға жалғасады. Содан арада жанжал болады. Дегенмен менің түсінігімше көп жағдайда пәктік мәселесі кесірін тигізеді. "Сүйем, күйем" деп бүгін қосылып, ертең күндердің күнінде "Маған дейін кіммен болды? Қайда жүрді?" деген әңгіме міндетті түрде қозғалады. Сондықтан пәктік мәселесін, абыройын сақтау қажеттігін жас қыздардың құлағына  бала күнінен құю керек. Бұл – үлкен проблема",-деді ол.  


Жаңалықтар
0