АСТАНА, 7 желтоқсан – Sputnik. Астанада Qazforum-2018 қазақ интернетінде контент жасаушылардың ІІІ форумы өтті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Қазақ тілді сайттардың саны да, салмағы да артып келеді"
Қазақ тілді контентті жасаушылардың басын қосқан форумның шымылдығын ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев ашты. Министр бүгінде қазақ тілді сайттардың саны да, салмағы да артып келе жатқанын атап өтті.
"Уақыт талабына сай өз аудиториясын қалыптастырған бәсекеге бейім порталдардың қарасы көбейіп жатыр. Осы қарқын жалғасса, мемлекеттік тіліміздің мәртебесі өседі", — деді Абаев.
Ол қазіргі таңда нақты дерегі бар қысқа да нұсқа ақпарат құнды екенін атап өтіп, қазақ тілді сайттардың сапасын күшейту керектігін айтты.
"Қазіргі күні әлем жедел қарқынмен өзгеру үстінде. Соған сай ақпараттық технологиялар түрлі бағыт бойынша жан-жақты дамып жатыр. Сол себепті аудиторияға қызықты контент, оқырманға тартымды портал қалыптастыру – бүгінгі заман талабы. Қазір қазақ тілді сайттардың өз бағыты қалыптасып келеді. Осы жайт көңілге қуаныш ұялатады", — деді министр.
"Қазақ интернеті де намыстан жаралған"
Форумның бірінші сессиясы контент басқарудың заманауи технологиялары тақырыбына арналды. Аталған сессияда сөз сөйлеген "Balapan" телеарнасының директоры Мақпал Жұмабай контент жасауда екі ақпараттық кеңістік бар екенін атап өтті.
Ал белгілі саясаттанушы Айдос Сарымның пікірінше, контентті сапалы және сапасыз деп бөлудің өзі қателік.
"Себебі әрбір менеджер өзінің контентін жақсы деп есептейді немесе керісінше. Мәселен, мен "Балапан" телеарнасында айтылып жатқан дүниелер сайқымазақ болып көрінуі мүмкін. Мыстан кемпірге мен сенбеймін. Бірақ, 4 жастағы балаға макроэкономика туралы айтсам, оның мені түсінбейтіні анық. Яғни, біз сапалы немесе сапасыз емес, "нишевой" аудитория деген мәселені көтеруіміз керек", — дейді ол.
Осы орайда спикер "қазақ баспасөзі" деген ұғым неден пайда болды деген сұраққа жауап іздеді.
"Қазақ" газетінен бастайтын болсақ, қазақ баспасөзі, біріншіден, намыстан жаралған. Екіншіден, қазақты құтқару үшін, ағарту үшін жаралған. Ал енді, қазақ интернеті дегенді алып қарайық. Өзім де басы-қасында жүрген адам ретінде айтайын, шындығында қазақ интернеті де намыстан жаралған", — деді Сарым.
Оның ойынша, бүгінгі қазақ журналистикасының трагедиясы, біріншіден, әлеуметтік функцияны атқаруында. Яғни қазақты құтқару, қазақты ағарту дегенді алып жүруге мәжбүр болады. Екіншіден, мұны бизнеске айналдыру.
"Baribar.kz" сайтының негізін қалаушы Ербол Серікбай қазақ тілді аудиторияға сапалы контент жасау үшін жаңа тәсілдер енгізу өте маңызды екенін атап өтті.
"Ақпаратты бұрынғыдай бір сарында, баспасөз релизі ретінде беру қазір "өтпейді". Біз лонгрид, карттотека, сауалнама, тест секілді тәсілдерді қолдана отырып, контентті түрлі форматта беріп жатырмыз. Соңғы кезде бізде ең көп аудитория жинайтын – тест, лонгрид және картотекалар. Жарнама берушілер де осындай құралдарға қызығушылық танытады", — дейді Серікбай.
"Ақылды журналистика: шынайылықтың медиалануы" деп аталатын екінші сессияда "Chartbeat" сервисі, Big data, веб-аналитика құралдарын табысты қолдану, технологиялар, құралдар және монетизациялау үлгілері, автоматтандырылған журналистика мәселелері қозғалды.
Адамдар неге хайп жасайды?
Форумның үшінші сессиясы "Хайп – мәдениет феномені" деп аталды. Оған атышулы "Ninety one" тобының продюсері Ерболат Беделхан, тележүргізуші, журналист, блогер Динара Сәтжан, журналист әрі блогер Өркен Кенжебек, журналист Жұлдыз Әбділдә, режиссер, "Шоу Ирины Кайратовны" жобасының авторы Қуаныш Бейсеков қатысты.
Өркен Кенжебек адамдар неге хайпқа барады деген сауалға жауап беріп көрді. Айтуынша, кез келген пиаршы брендке деген сенімді қалыптастырғысы келеді. Ал хайп жасаған кезде, сенім екінші орынға ығысады.
"Бірінші орынға қандай жолмен болсын жұрттың назар аудару шығып қалады. Мәселен, банк немесе компания хайп жасаған кезде, адамда "мынау сенімді банк екен" деген сезім тумайды ғой. Хайптың пайдалылық коэффициентін алып қарасақ, 80%-і – пайдасыз, 20%-і ғана – пайдалы", — дейді журналист.
Осы тұста блогер соңғы бір жылда өз есінде қалған хайпты мысалға келтірді.
"Осы жылдың қаңтарында nur.kz-те бір банктің банкоматындағы ақшаны тышқандар жеп қойыпты деген жаңалық шықты. Видеода банктің аты аталмайды, тек бейдж таққан бір адам жақындайды. Әлгі бейджикте банктің аты жазулы, елеусіз ғана, бірақ көрінеді. Бұл жерде хайптың бір ғана пайдасы болды. Ол қандай? Адамдарға "мына банкте ақша көп екен ғой, көптігі соншалық тышқандар деп жатыр" деген ой келді", — дейді Кенжебек.
Блогердің пікірінше, адамдар сапа мен дәстүрлі маркетинг дұрыс болмаған кезде хайпқа барады.
"Егер брендте осы екі дүние жақсы жұмыс істесе, оған үшінші дүние ретінде хайп керек емес", — деген ол кей кезде өзі де жасанды хайпқа баратынын жасырмады.
"Хайп – бір аудиторияның тақырыбы, ол өлмейді. Бірақ біздің соны талқылауымыз ол аудиторияның деңейіне түсу дегенді білдіреді. Сондықтан соған түспейік", — деді Өркен Кенжебек.
"Ақпараттың рас-өтірігін тексеру деген мүлде жоқ"
Ал журналист Жұлдыз Әбділдә қазақ тілді интернет кеңістікте кемшін қалып бара жатқан үш нәрсені атады.
Үшіншісі – ақпараттың рас-өтірігін тексермеу.
"Кейде өте тәжірибелі деп жүрген журналистердің өзі "WhatsApp-та тарап жатыр ғой" деп жаңалық жариялайды. Өкінішке қарай, бұл қазір газет-журналға, телевидения, радиоға, тіпті мемлекеттен қаржы алып отырған ақпарат құралдарына да шығып кетті. Журналистер ештеңені тексермей, "фейктің" жетегінде кетіп, ақпарат таратып кетті", — деп алаңдаушылық білдірді Әбділдә.
Белгілі "91" тобының продюсері Ерболат Беделхан медиа адамы болғаннан кейін, хайпты қолдануыңа тура келеді дейді.
"Мен үшін хайп – елдің назарын аудару. Бұл маркетинг, мұны міндетті түрде жасау керек. Десе де, біз үшін басты орында әрдайым – өнер", — деді шоу-бизнес жұлдызы.
Беделхан "Ninety one" тобы жігіттерінің сырт келбетіне назар аудармауды сұрады.
"Олардың өнеріне, өнімдеріне мән беріңіздер. Бастысы – өнімдерінің құндылықтары. Біз қазақ тілін насихаттаймыз. Сіздер білесізздер, бізде қазақша көше тілі, бизнес тілі қалыптаспаған. Яғни, тіліміз 21 ғасырға сай бейімделмеді. Жастардың бойында қазақ тіліне деген қызығушылықты қалай оятуға болады? Музыка, заманауи ырғақ арқылы", — деп санайды продюсер.
Ал соңғы төртінші сессияда келешек трендтерге шолу, технологиялық болжам жасалды.