АСТАНА, 29 қараша — Sputnik. Талдықорғанда бастығын атып өлтірген облыстық әскери комиссариат басшысының орынбасары екі жылға сотталды. Сотта марқұмның мемлекет мүлкін талан-таражға салғаны айтылды.
Судья подполковникті қылмысты аффект күйінде жасаған деп тауыпты. Сондықтан ол қоныс колониясында жазасын өтемек, деп хабарлады КТК.
Бұл оқиға өткен жылдың мамыр айында болған. Облыстық қорғаныс істері департаментінің басшысы Бердібек Берістемовті орынбасары кабинетінде атып тастаған еді. Сөйтіп есікті іштен іліп, өзі сыртқа шықпай қойған. Тек екі сағаттық келіссөзден кейін ғана тәртіп сақшыларына өз еркімен берілген. Ал енді Оспанов пен Берістемовтің қайғылы жағдайдың алдында жанжалдасып қалғандары анықталды. Бірақ екі басшының не үшін ренжіскендері ашық айтылмады.
Дегенмен сотта басқа құпияның беті ашылды. Адам өлтірген подполковник басшысының мемлекет мүлкін талан-таражға салу сынды заңсыздығының куәсі болыпты.