Дерекқор

Мақпал Жүнісова туралы не білеміз?

Жазылу
Мақпал Жүнісова — қазақтың бағына біткен ерке қызы, сүйікті әншісі, халқының ерекше құрметіне бөленген азаматы. Бір кездері халық әртісін телеарналардан да көрсетуге тыйым салынған-ды. Алайда оның әдемі әндерінің орындалуына ешнәрсе бөгет бола алмады. Әншінің өмірбаянын Sputnik дерекқорынан оқыңыз

Мақпал Мұхамедиярқызы Жүнісова 1964 жылы 11 қаңтарда Қарағанды облысы Теректі ауылында дүниеге келген. Әншінің анасы 13 құрсақ көтергенімен, олардың 8-і ғана тірі қалады. Бүгінде әулетте алты қыз, екі ұл бар. Әкесі өмірден ерте қайтқан, ал анасы ұлы мен келінінің қолында.

Жақындарының айтуынша, Мақпал Жүнісова төрт жасынан бастап 500 адамға арналған клубта ән айтып, сахнаны еркін меңгере бастаған. Оның әншілігі той-думандарда, әртүрлі мерекеде ұшталып жатты десе де болады.

Мақпал Жүнісова - Sputnik Қазақстан
Мәдениет
"Апа деп жүгіруші еді". Мақпал Жүнісова Медеу Арынбаевқа неге ренжігенін айтты
Мектепте үздік оқып, ата-анасын мақтау қағаздарымен жиі қуантқан. Әкесі Мұхамедияр қарапайым шаруа адамы болғанымен, табиғатынан дана кісі. Мақпалды 3-сыныпта Қарағандыдағы музыка мектебіне әкелу де осы әкесінің шешімі болған. Көп ұзамай әнші аталған мектепте музыкалық білім алып қана қоймай, орыс тілін меңгере бастайды.

Мақпал Жүнісова мектептен неге шығарылды?

Жұлдыз 4-сыныпта оқып жүргенінде Симферополь және Ялта қаласында өткізілген балалар байқауында қазылар алқасының көзіне түседі. Мектепте, тіпті, пысықтығының арқасында "қасқыр қыз" лақап атын иеленген.

5-сыныпта оқып жүрген шағында мектебіне Алматыдан журналистер келіп, оның дауысын арнайы құрылғыға жазып алуға ниет білдіреді. Алғаш осы кезде дауысы үнтаспаға жазылып, ол Алматы радиосы арқылы республиканың барша аймақтарына тарайды. Осыдан кейін әнші қазан айында Алматыға шақырту алып, Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық мектепке орналасады. Бастапқыда бұл ұсынысқа анасы қарсылық білдіріп, қызын алыс шаһарға жіберуге қорыққан.

Аталған мектепте халық әртісі қобыз бен домбырада ойнауды үйренеді. 10-сыныпта оқып жүргенінде бір мұғалімі республикалық "Гүлдер" ән-би ансамбліне сұранбастан кетіп қалғаны үшін мектептен шығартқызады. Сол кездегі "Гүлдер" ансамблінің директоры Тұяқбаев Мақпалды аттестатсыз-ақ ансамбльге қабылдайды. 1981 жылдың қыркүйек айынан бастап Мақпал Жүнісова осы жерде тоғыз жыл бойы әнші болып жүреді.

"Шашымды жұлып, басымды жерге ұрды"

Мақпал Жүнісова интернат қабырғасында жүріп көп қиындық көргенін айтады. Тіпті, бір кездері жігітке бола жоғары сынып оқушыларынан таяқ жеген екен. Өзі 8-сыныпта оқып жүргенде Мәйдин есімді жігіт интернатқа практикант болып келіп, Мақпал Жүнісованың әндеріне ерекше ғашық болып қалғанын айтады. Бұл 11-сынып оқушыларының көңіліне жақпаса керек, олар әншіні баққа апарып соққының астына алған.

"Сөйтсем әлгі қыздар осы жігітке ғашық екен. Ал біз екеуіміздің арамызда мүлдем махаббат болмаған. Жаңағы қыздар мені бір бұрышқа кіргізіп алып тепкіледі. "Неге Мәйдиннің алдында өлең айтасың?!" деп шашымды жұлып, басымды жерге ұрды. Сол сәтте бет-аузым қан-жоса болғанына қарамастан, қолымнан ешнәрсе келмеді. Осылайша болмайтын нәрсеге таяқ жеп жүремін", — деді ол телеарналардың біріне берген сұхбатында.

Мақпал Жүнісованың әндері

1986 жылы Мақпал Жүнісова Юрмалада өткен байқауда Қазақстанның намысын қорғап, барлық әнді қазақ тілінде орындайды. Бірақ әділ қазы алқалары оны орыс тілінде ән айтпағаны үшін жүлдесіз қалдырады.

Мақпал Жүнісова - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Мақпал Жүнісова марқұм жұбайымен түскен жантебірентерлік видео жариялады
1989 жылы Шымкент қаласындағы мәдениет институтын тәмамдады. Осы жылы әнші "Қазақконцерт" бірлестігіне ауысып барып, көпке дейін сонда еңбек етіп келді. Аталған бірлестікте жұмыс істеп жүріп, 1989 жылы "Азия дауысы" байқауының жүлдегері атанады. Кейін республиканың жоғарғы кеңесі Мақпал Жүнісоваға "Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі" атағын беру туралы жарлығын шығарады. Сондай-ақ, Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанған еді.

1988 жылы Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің "музыка-драма" бөлімін тәмамдайды. 1994 жылы Қазақстан Республикасы халық әртісі, 1999 жылы ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Ілияс Жансүгіров атындағы мемлекеттік университеттің профессоры.

Әншінің көптеген әні тыңдарман жүрегінен орын алып үлгереді. Олар — "Аққу сазы", "Армандастар", "Ғашық жүрек", "Екі жұлдыз", "Еркетайым", "Жан ана", "Көздеріңе ғашықпын", "Мәңгілік сағыныш" және т.б.

"Мерей үшін өмір сүргім келеді"

Ол жас кезінде Польша, Германия, Венгрия, Австрия, Чехословакия, Қытай, Корея, Үндістан, Бирма, Канада, Швеция және Бельгия сынды мемлекеттерге гастрольдік сапармен барады.

Әнші өзінің табиғатынан көңілшек адам екенін айтады. Яғни ешкімді ренжіткісі келмейді.

"Өмірдің өзі сонша ұзын емес. Қанша жыл өмір сүретінімізді бір Алла тағала біледі. Аз ғұмыр, бес күндік жалғанда сыйласып өткенге не жетсін?!" — дейді әнші.

Сондай-ақ, әнші күз мезгілін аса ұната бермейтінін айтады. Бұған себебі де жоқ емес. Марқұм Заманбек Нұрқаділов қарашаның 12-сі күні өмірімен қош айтысқан еді.

"Зәкеңді күзде ғана емес, жыл бойы сағынамыз. Күзге аса қуана қоймайтынымыз рас. Сол күнді еске алып, әттеген-ай деп аламыз. Өмір жалғасын тапқан кезде жақсы. Бұл нәрсе кімнің басынан өтпей жатыр?! Бірақ Мерей үшін өмір сүргім келеді. Оны өсіріп, немере сүйгім келеді. Сол үшін алға қарай өзімді жетелеп, сабалап келе жатырмын", — деп Мақпал Жүнісова сүрінетін сәттеріне қарамастан, алға ұмтылып келе жатқанын айтады.

Сондай-ақ, ол марқұм күйеуінің кезінде дос-құрбыларымен араластырмай қойғанын еске алды. Айтуынша, олардың мінезі мен әрекеттері Заманбек Нұрқаділовтің көңіліне жақпаған.

Құрбылары Заманбек Нұрқаділовке неге ұнамай қалды?

Бір күні әнші достарын үйіне қонаққа шақырып, оларды отағасымен таныстырады. Отағасы дастархан басында аз отырып, өз жұмысымен басқа бөлмеге кетіп қалады. Ертесінде ол әншіге "Жануля, сен мына достарыңмен араласпауың керек. Олар сенің достарыңа ұқсамайды. Сенің жалғыз досың мен. Менің жарым болғандықтан, осылай айтып отырмын" деген екен.

Төреғали Төреәлі - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Мақпал Жүнісова: Біздің ерке баламыз ғой, Төрешті кешіріңіздер
Халық әртісі бұл сөздердің жүрегіне қатты батқанын айтады. Бірақ, көп ойланбастан ол отағасының сөзін тыңдап, қалауына мойынсұнады. Осы кезде көпке дейін қыз күндерін сағынғанын жасырмады. Тек отағасы өзінен 20 жас үлкен болып, біраз көйлекті бұрын тоздырғандықтан, ақылына құлақ асқан екен. Өзі тік мінезді адам болғандықтан, бастапқы бір-екі жылда отбасылық өмірде көп жанжал болғанын да жасырмады. Мұндай сәттерде марқұм отағасы бірнеше күн сөйлеспеуді жөн көрген.

"Зәкең билігі мен күшін пайдаланды"

Болашақ жарын жолықтырғанға дейін басқа бір жігітті сүйген. Айтуынша, өзін Заманбек Нұрқаділов күші мен билігін пайдаланып, әлгі жігіттен тартып алған.

"Мені қаланың бастығының әйелі болады деп кім ойлаған?! Мен ешуақытта күйеу іздеген адам емеспін. Зәкең маған махаббатын дәлелдегісі келді. "Мен Мақпалға ғашықпын, болды аламын" дегендей. Талай жігіт артымнан жүгірсе де, ән айтудан қолым босаған емес. Ол кезде елді аралап, күніне бірнеше концерт беретін едім", — деді ол.

Күйеуі қайтыс болған соң қателіктерге бой алдырып, денсаулығы сыр берген. Осы қиын күндері тез жинақталуына анасының қатты сөздері көмектескен екен. Бауырларын аяқтан тік тұрғызуға өзі ғана емес, марқұм күйеуі де қол ұшын созғанын айтады. Әрқайсысына бір-бір үй мен көлік алып берген екен.

"Ұлылармен араласқанды ұнатпаймын"

Бұдан өзге қиын күндерді артта қалдыруға Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметованың көмектескенін еске алды.

"Зейнеп апамыздың араға бір жыл салып, маған ақ орамал жапқаны есімде. Ол кісі де көпті көрген адам, Бауыржан атамыздай батырдың келіні болу оңай емес. Айтқандарын түйіп алдым. Бірақ кейде ұлы адамдардың қасында жүруге қорқамын. Баяғыда Зәкең "Күн секілді адамдардың қасына жақындама, қанатыңды күйдіріп аласың" деп айтқан еді", — дейді әнші.

Екінші рет тұрмысқа шығу тақырыбында жиі әңгіме қозғаса да, әзірге мұндай ойының жоқ екенін айтады. Десе де, арада махаббат болмаса да, қартайған шақта шүйіркелесетін адам болғанын қалайтынын жасырмады. Көкейіндегі басты арманы — қызын қияға қондыру.

"Қызым екеуіміз құрбыдайын сырласамыз. Кім өзінің қызы жаман болғанын қалайды?! Жақсы бір әулетке тап болып, сол әулеттің ұрпағын өсіріп, сыйлы болса екен деп армандайды. Кейде "Ыдысты жөндеп жумапсың ғой" деп ұрыссам, қызым бірден кешірім сұрап шыға келеді. Осы бір ауыз сөзі жанымды жылытып қоя береді. Сол үшін Құдайға тәубе деймін. Үйретіп жатырмыз. Жалпы жақсы келін болатын сияқты", — деді әнші.

Үй қызметкерін жалдауға ақшасы жетпей жүргені рас па?

Әнші қыс мезгілінде қар күреп жүрген видеосын әлеуметтік желіге саламын деп жұрттың сынына қалған еді. Бірі оны "Жалшы жалдауға ақшасы жоқ па?" десе, екіншілері "Зәкең болса, Мақпал қар күремес еді" деп жанашырлық танытқан. Осы орайда, ол марқұм күйеуінің көзі тірісінде екеуі қосылып қар күрейтінін айтып өтті. Жалшы жалдауға ақшалары болғанымен, үйге бөтен ер адамды кіргізгенді ұнатпайды екен.

"Шынымды айтайын, үйді ұстап тұру маған өте қиын болып жатыр. Еңгезердей үйдің жазда шөбін, қыста қарын тазалау керек", — деді ол.

Жазира мен Жанболат, қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары - Sputnik Қазақстан
Мәдениет
Жазира мен Жанболат туралы не білеміз?
Әлі күнге дейін көгілдір экранға шығуға кедергі жасап жүрген адамдар барын жасырмады. Басында бірнеше рет қатты жылап, осы жағдайға бола анасының жүрегі сыр берген екен. Өзінің де жүйкесі тозып, шашы түсіп, ашуланшақ болып кеткен. Бірінші кезекте өзі үшін емес, ән шығарып берген сазгерлер үшін жүрегі ауыратынын айтады.

"Біреуге қиянат жасаған адам түбінде орға өзі түседі. Мұның бәрін бір Аллаға тапсырып қойғанмын. Ешкімнің аяғына жығылып, жалынып-жалбарынбаймын", — дейді әнші.

Жаңалықтар
0