Мәдениет

Жазира мен Жанболат туралы не білеміз?

© әншінің желідегі парақшасынанЖазира мен Жанболат, қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары
Жазира мен Жанболат, қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қос әнші Алматы қаласына келгенде жейтін тамақтары мен жолға төлейтін ақшалары болмай қиналған. Десе де, олар тағдыр тауқыметін көп көргендеріне қарамастан, бір-бірін таңдағандары үшін ешуақытта өкінбегенін айтады

Әнші Жазира Байырбекова 1978 жылы 30 қыркүйекте Оңтүстік Қазақстан облысы Бөген ауылына қарасты Пақташы атты жерде дүниеге келген. Өзінің де, күйеуі Жанболат Ербатыровтың да отбасында тоғыз ағайынды. Жазира Байырбекованың әпкесі журналист, бірақ бүгінде ән айтып жүр. Бауыры Серік университетте, Аққал Хасенова есімді сіңілі кітапханада жұмыс істейді, сіңілі Ұлдан теміржолда, әпкесі Сәбира аспаз, тағы бір әпкесі Ботагөз тігінші және ағасы Ерболдың жеке кәсібі бар.

Мейрамбек Беспаев, әнші - Sputnik Қазақстан
Мәдениет
Мейрамбек Беспаев туралы не білеміз?

Бұдан өзге Ләззат есімді әпкесі үлкен сахналарда ән айтса, өзінен кейінгі сіңілі Нәзира төртінші билік қатарында. Айтуларынша, Жанболат Ербатыровтың да бауырлары өнерден құр алақан емес. Ол 1973 жылы Қызылорда облысы Арал қаласында дүниеге келген. 

Жазира Байырбекова ес білгелі ән айтып келетінін айтады. Тіпті, мектеп табалдырығын аттамай жатып туған әпкесі Ләззат Байырбекованың сыныбына барып, әр мерекеде қосылып ән шырқайтын болған.

Жанболат пен Жазира қалай танысты?

Жанболат пен Жазира Алматы қаласында эстрада-цирк колледжінде оқып жүріп танысқан. Ол кезде әнші небәрі 16 жаста болған. Екі жылдан кейін алып қашқан күйеуі ешуақытта "қызым бол, біз жүрейік" деп сөз салмаған. Тек сабақтан шығып кетіп бара жатқанда үнемі қатар жүріп қалатын жағдайлар жиі кездескен екен. Бастапқыда бұл сәйкестік болар деп көп мән бермеген. Жанболат Жазираға жатақханаға екі аялдама қалғанда автобустан түсіп, жаяу жүруді ұсынатын болған екен.

Тағы оқыңыз:

"Кешке "Сен кішкентай қызсың ғой. Далаға серуендеп келгің келмей ме? Саған көп нәрсе үйрету керек" деп Жанболат маған ағалық қамқорлығын көрсетіп жүрді. Осылайша екеуіміз бір-бірімізге бауыр басып қалдық. Ешуақытта бас салып, "жігітің болайын" деп айтқан емес. Бауыр бастық, дос болдық, достығымыз шынайы махаббатқа ұласты", — деді Жазира Байырбекова.

Көп ұзамай Жанболат Ербатыров сүйіктісін өз туыстарына ескертпей алып қашады. Дәлірек айтсақ, Жазирамен келісіп, екеуі бірге қашып барады. Қос ғашық ол заманда алып қашу дәстүрінің сәнде болғанын, ешкімнің де ұзату той жасамағанын айтады.

Тұрсынбек Қабатов отбасымен бірге, танымал әзілкеш - Sputnik Қазақстан
Дерекқор
Тұрсынбек Қабатов туралы не білеміз?

"Жанболаттай қара жігітті ауылдан таппадың ба?"

Жазира Байырбекова әке-шешесінің ерте тұрмысқа шығуына рұқсат бермейтінін біліп, Алматы қаласында тұратын әжесіне бата сұрап барады. Бірақ, әжесіне тек гәстрөлдік сапарға кетіп бара жатқанын айтып алдайды. Ал Жанболат Ербатыров осы уақытта үйге кіруге батпай есіктің алдында күтіп тұрады. Себебі, әншінің айтуынша, оны әжесі оқтаумен қуып шығуы мүмкін болған. 

"Аралға артымнан келгендер "Осындай қара жігітті ауылдан таппай қалдың ба?" деп айтты. Неше түрлі күлкілі сөздер болды. Жалпы бұл жағдай Жанболаттың туыстары үшін де жаңалық болды", — деді әнші.

Расымен де, Жанболат Ербатыровтың туыстары ол кезде келін түсіруге дайын болмаған. Анасы бастапқыда аң-таң болып, кейін келінінің маңдайынан сүйіп үйге кіргізеді. Әнші қайын жұртының осы сәтте аса қуанбағанын айтады. Сондай-ақ, ол енесінің қатал адам болғанын жеткізді. Көршілері де осылай айтқан-ды.

Әнші енесімен неге ренжісті?

Бүгінде Жазира Байырбекова сүйіктісінің анасы өзін толықтай өзгерткенін жасырмайды. Алғашқы күннен бастап күйеуіне қарсы сөйлемеуге, үлкен кісілердің бетіне тік қарамауға үйреткен екен. Кейде, тіпті, туыстарына ренжіген Жазира Байырбекова тамақ ішпей отырып қалатын болған.

"Ұрысқан кездер болды. Қазір менің сол кездегі қылықтарым ұрысатындай емес деп ойлаймын. Бірақ сондай қиын заман болып кетті. Енем мені заманға сай етіп, сарбаздай ширатқысы келген сияқты", — деді әнші.

Үйдегі барлық шаруаға араласқанымен, сиыр саумағанын айтады. Бұдан өзге қос әнші отбасылық өмірдің бастапқы уақытында қызғаныш сезімі болғанын жасырмайды. Жазира Байырбекова мұны өзінің аңғалдығымен байланыстырады. Десе де, қазір ол әйел адам қандай жағдай болмасын қызғанбауы керек деген пікірде.

"Гәстрөлдік сапармен ауыл-ауылды аралап жүрген кезде су тасып, баласын көтеріп бара жатқан түрлі әйел көретінмін. Іштей "Қай келіншек сияқты болады екенмін? Кімге келіншек болады екенмін?" деп ойлайтынмын. Бала кезімнен сол келіншек болуды ойлап келгенмін. Ал сахна, танымалдылық және карьера туралы мүлдем ой болмаған", — деді ол.

Жазира Байырбекова өзі отбасылы болған соң да, бойдақ кезіндегі құрбы-құрдастарына көмектесіп тұратын болған. Жатақханада тұратын ең жақын құрбысы пойызбен үйінің жанынан өтіп бара жатқан кезде қоңырау шалып, кейін екеуі станцияда кездесетін. Сол жерде әнші құрбысына өзі пісірген нан мен бір бөтелке айран береді екен. Бағдарламалардың бірінде құрбысы осы сәттерді ешуақытта ұмытпайтынын айтып, көзіне жас алды.

"Бала асырап алғымыз келді"

Бүгінде өнерде де, өмірде де бірге жүрген қос ғашықтың бір ұлы бар. Ол — Қазбек. Соңғы жылдары кештерін ұйымдастырып, ата-анасының директоры болып жүр. Көптен бері құрсақ көтермеген Жазира Байырбекова әлі де көпбалалы ана атануды армандап жүргенін жасырмайды. Осыдан бірер жыл бұрын өмірінде екінші рет бала көтерген. Бірақ гәстрөлдік сапарда жүріп, аяғының ауыр екенін байқамай қалған. Кейін осының салдарынан түсік жасатуына тура келді. Десе де, әнші осы жағдайдан кейін қуанғанын жасырмайды. Себебі бұл тағы да құрсақ көтере алатынының дәлелі еді.

Бір кездері бала асырап алу ойларында болған. Десе де, кейін мұның үлкен жауапкершілік екенін түсініп, райынан қайтқан.

"Біз базарда тұрып үй тағамдарын саттық. Қант, май секілді азық-түліктер. Аралда басқа жұмыс жоқ. Менің қолымнан келмеген соң, үй шаруасында болдым. Ал ол көзге көрінбейді. Біреудің тапқан нанына ортақтасып отырғандай күй кештім", — деп әнші қиналған күндерін еске алды.

Аралда әйелімен және өзінің ата-анасымен бірге тұрып жатқан Жанболат Ербатыров ағасының үйін салуға көмектесу үшін Алматы қаласына кетеді. Кейін араға екі ай салып соңынан Жазира Байырбекова келеді. Бұған әншінің енесімен арада болған кішкене реніші себеп болған.

Қалада жүрген Жанболат Ербатыров ауылдағы достарына келіншегін де кешке ерте баруды өтінеді. Осы кештен кешігіп келген Жәзира Байырбековаға енесі аздап ұрысады. Кішігірім кикілжіңнен кейін әнші қалаға кету туралы шешім қабылдайды.

"Барахолкада аяқ киім саттым"

Араға тағы біраз уақыт салып, енесі де қалаға келіп, оларды салынып жатқан үйдің бір бөлмесіне қарауыл ретінде орналастырады. Бастапқыда Жанболат Ербатыров ағасының үйін салып жүреді. Ал Жазира Байырбекова барахолкада аяқ киім сатады.

Ернар Айдар - Sputnik Қазақстан
Дерекқор
Ернар Айдар туралы не білеміз?

Осылайша Жанболат пен Жазира дуэт құрмас бұрын, шаңырақ көтереді. Әрі қарай олар Айтгүл-Қанат Айтбаевтар, Махмұт-Майра Тойгеновтер секілді сахнада бірге өнер көрсетуді армандайды. Тапқан ақшаларына ән айтуға қажетті құрылғы сатып алып, мейрамханалардың біріне орналасады.

Осы кезде әншілер атақты болып үлгерген әріптестері Ақбота Керімбекова және Саят Медеуов секілді әншілерге қызыға қараған екен. Себебі, олар өздері жұмыс істеп жүрген мейрамханаға жиі келетін болған.

Мейрамханада жұмыс істеп жүріп, өнерпаздар 5 мың долларға бір бөлмелі пәтер сатып алады. Кейін Жазира Байырбекова күйеуіне ән жаздыруды ұсынады. Бірақ, ол келіспей үлкенірек үй сатып алғысы келетінін айтады.

Әнші отағасын неге тыңдамады?

Осы кезде Жазира Байырбекова отағасының сөзінен бірінші рет аттап өтіп, Ербол есімді ағасының студиясына барып ән жаздырады. Кейін сол әнді радиоға алып барады. Оның бұл әрекетін Жанболат Ербатыров тек радио арқылы білген. Ақырында әнші келіншегіне жалғыз үлкен сахнаға шығуға рұқсат бермей, дуэт құрады.

Жазира Байырбекованың айтуынша, әннің мәтіні өте маңызды. Себебі, әуенін кез келген әнші өзгертіп ала алады, бірақ мәтінді барлығы бірдей жаза бермейді. Отандық бағдарламалардың бірінде ол өзінің сазгерлік қыры бар екенін айтып өткен болатын. Десе де, өзін алдыңғы қатарлы сазгерлердің қатарына қоспайтынын жасырмайды.

Жанболат қол көтере бастады

Бүгінде дәулетті отбасылардың қатарына қосылса да, қос ғашық көлік жүргізгенді жөн көрмейді. Бұл үшін арнайы жүргізушілері бар.

"Осыдан 6 жыл бұрын он метр жерге көлік жүргізіп, ағашқа соққаным бар. Содан кейін көлік рөліне ұстаған емеспін. Қазір жұмысымның барлығы Жанболатпен бірге. Ол "Көлік жүргізгеніңді қаламаймын" деді. Мен келістім", — деді Жазира Байырбекова.

Жұлдыздар отбасылық өмірде аздаған түсініспеушілік болғанын да жасырмайды. Әсіресе, 20 жылдан астам уақыт отасқан кезде. Әншінің айтуынша, отағасы 3-4 рет қол көтерген. Осы орайда, ол "бір қол көтерген ер адам тағы да қол көтереді" деп ажырасып кетпеуге кеңес берді.

"Кондуктор автобустан түсіріп тастады"

Бүгінде жеке кәсібін дөңгелетіп, үлкен сахналарда өнер көрсетіп жүргендеріне қарамастан, әншілер тағдыр тауқыметін аз көрмегендерін айтады. Тіпті, күнделікті жейтін тамақтары болмай, автобустан кондуктордың түсіріп тастаған кезі кездескен екен.

"Мысалы, тамақ істейтін май болса, азық-түлік болмай қалатын. Бір күні туған әпкемнің үйіне қонаққа бардық. Қарны аш адамға тамақтан басқа не керек?! Әпкем аспаз болып жұмыс істейді. Дастарханды гүлдей етіп жайнатып қоятын. Қайтарда жеміс-жидек пен дәрумендер салып жібереді", — деді ол.

Осы сәтте қос әншінің жолға төлейтін ақшалары болмаған, әпкесінен сұрауға да намыстанған. Ақырында кондуктор қатты жаңбыр жауып, әншінің аяғы ауыр екеніне қарамастан автобустан түсіріп тастаған екен. Тіпті, әншінің қалаға дейін жетіп алайықшы деп жалынғанына да қарамаған. Осы сәтте жылап келе жатқан әншіні жолдасы "Әлі-ақ көресің. Барлығы жақсы болып кетеді" деп жұбатқан. Дәл мұндай қиын сәттердің болғанына қарамастан, қос ғашық өмір атты ұзақ жолда бір-бірлерін таңдағаны үшін ешуақытта өкінбеген.

Жаңалықтар
0