АСТАНА, 19 қараша – Sputnik. Қазақстан ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов отандық ғылымның дамуын кенжелетіп отырған проблемаларды атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Қаржыландырудың төмендеуінен ғылыми ұйымдар зардап шекті. Мәселен, салыстыру үшін айтатын болсам, Еуропа елдерінде ғылымды қаржыландыру көлемі 3%-тен 4,5%-ке дейінгі аралықта құбылса, посткеңестік кеңістікте ең жоғары көрсеткіш Ресейде – 1,2%-тен астам. Бізде, өкінішке қарай, экономикалық дағдарысқа байланысқа бұл көрсеткіш 0,13%-ке дейін түсіп кетті", — деді Жұрынов Sputnik Қазақстан мультимедиялық баспасөз орталығында өткен баспасөз мәслихатында.
Ол индустриялды-инновациялық даму стратегиялық жоспарында 2020 жылы ғылымды қаржыландыру көлемін 1 процентке дейін жеткізу қарастырылғанын атап өтті.
"Бұл ғылымға көрсетілетін үлкен қолдау. Ғылымды қаржыландыру 6 есеге артады", — деді академия президенті.
Жұрыновтың айтуынша, іргелі ғылым мен қолданбалы ғылым арасындағы теңгерімді сақтау өте маңызды. Себебі теңгерім бұзылса, жалпы ғылымға орасан зор зиян келеді.
Жұрынов инновация туралы сөз болғанда, ғылым жайына қалатынын айтып, ренішін білдірді.
"Кейбіреулері инновация туралы жар салады да, ғылым туралы жақ ашпайды. Ал инновация – ғылымның өнімі. Ол бастауын іргелі зерттеуден алып, содан кейін ғана қолданбалы сипатқа көшеді", — деді ол.
Академия президенті отандық ғылым жетістіктерін енгізудегі проблемаларға тоқталды.
"Бізде кәсіпорындардың көбі шетелдік инвесторлардың қолында. Ал олар қазақстандық ғалымдардың жетістіктерін енгізуге мүдделі емес. Себебі трансұлттық компаниялардың өз елдерінде жеке зерттеу институттары бар", — деді Жұрынов.