АСТАНА, 16 қараша – Sputnik. Мәдениет және спорт министрімен кездескен әнші Димаш Құдайберген қазақстандық журналистердің орыс тілінде қойылған сұрақтарына қазақша жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін мәдениет және спорт министрлігінде Димаш Құдайбергеннің 19 қарашада Лондонда өтетін жеке концертіне дайындық барысы талқыланды. Кездесу барысында БАҚ өкілдері жас әншіге екі тілде сұрақтар қойды. Бірнеше тіл меңгерсе де, Димаш барлық сұраққа тек ана тілінде жауап берді.
"Рұқсат болса, мен қазақша жауап берейін. Қазақстандамыз", — деп сөзін бастады ол.
Димаш америкалық актриса Ева Лонгориямен араласып тұра ма?
Димаштың өнеріне әлемге аты шыққан шетелдік жұлдыздар тәнті екенін жұрт жақсы біледі. Олардың арасында америкалық актриса әрі модель Ева Лонгория да бар. Актриса көктемде Димашты тіпті туған күнімен құттықтаған болатын. Бүгін журналистер жас әншіден Ева Лонгориямен араласып тұрасыз ба деп сұрады.
"Өнер жолында етене араласу әркімнің қолынан келе бермейді. Өйткені әрқашанда уақытымыз тығыз, жұмыс кестеміз тығыз. Тіпті әке-шешеме күніне жеті-сегіз рет хабарласып тұратын едім, қазір соңғы кезде уақыт болмай қалды. Екі күн сайын бір телефон шаламын. Сол себептен өнер жұлдыздарымен тек жұмыс барысында хал-жағдай білісіп, араласып тұрамыз"- деді әнші.
"Инстаграмға Қазақстанда не болып жатқанын білу үшін ғана кіремін"
"Сөздің шыны керек, мен инстаграмға Қазақстанда қандай жаңалық болып жатқанын білу үшін ғана кіремін. Уақытымның көбі шетелде өтеді, сондықтан елде қандай қызық болып жатыр деген сияқты. Ал сөйлесетін адамдармен басқа да интернет желісі арқылы сөйлесемін"
"Лондонда қазақтың әні көп шырқалатынына күмән келтірмеңіздер"
Димаш 19 қарашада Лондонда өтетін жеке концертінде 30-ға тарта ән орындалатынын айтты.
"Жанды дауыста, оркестрмен… Дайындық жоғары деңгейде жүріп жатыр. Әлбетте, менің концерттерімде, шетелде болсын, Қазақстанда болсын, міндетте түрде қазақтың халық әндері орындалады. Өйткені, қазақтың ірі тұлғалары менің кіндік қаным тамған жерде тың дүниелерді жарыққа шығарды. Біздер, әншілер, соны мүмкіндігінше насихаттауға тырысуымыз керек. Сондықтан Лондонда қазақтың әні көптеп шырқалатынына күмән келтірмеңіздер", — деп сендірді әнші.
Сондай-ақ, ол репертуарында жаңа әндер де барын айтты.
"Бұл әзірге құпия, ертең концертте көрермендер бірінші болып естігенін қалаймын", — деді Димаш.
Димаш Қазақстанда концерт беруі мүмкін
Кездесу де Димаш Құдайбергеннің әкесі Қанат Айтпаев та болды. Журналистердің болашақта Қазақстанда концерт өткізу жоспарда бар ма деген сұрағына "ондай ой жоқ емес" деп жауап қатты.
"Министрлік (мәдениет және спорт министрлігі – автор ескерт.) тарапынан концерттердің өтуіне қолдау көрсетіліп жатқанын көріп отырсыздар. Қазақ айтпақшы, "жаяудың шаңы шықпайды, жалғыздың үні шықпайды". Ел болып көтерген жүк жеңіл. Бұл жерде қаншама жанкүйер бар. Қолдау жасап жатқаннан кейін жақсы дүниелер іске асып жатыр. Амандық болса, Астанада немесе Алматыда бір концерт ұйымдастырсақ деген ой бар", — деді Қанат Айтпаев.