АСТАНА, 8 қараша — Sputnik. Американың Мичиган штатында тұрып жатқан аңшы досын тиінмен шатастырып, бетіне оқ атты. Бұл туралы MLive ақпарат порталы жазды.
Екі ер адам Аллеган қаласының маңында орналасқан орманға аң аулауға барады. Біреуі киімін шешіп жатып 18 метр қашықтықта орналасқан ағаштың ар жағында жирен түсті аңды байқап, шамамен тиіннің құйрығы болар деп болжайды. Осыдан кейін ер адам 12-ші калибрлі мылтығынан тиінге оқ атады. Алайда бұл тиін емес, арнайы киім киген досы болып шығады.
Бытыра ер адамның көзі мен жақ сүйегіне айтарлықтай зақым келтірген. Осыдан кейін аңшылар дереу құтқарушыларды шақырады. Оларға тікұшақ ұшып келіп, оқ тиген азаматты Аллеганның орталық ауруханасына жеткізеді. Дәрігерлердің айтуынша, дәл қазір ер адамның өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ.
Қала полициясы осы жағдайға байланысты тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ер адамға қатысты қаруды дұрыс пайдаланбағаны үшін қылмыстық іс қозғалуы мүмкін.
Тағы оқыңыз: Ақжайықтық полицей бастығына неге оқ атқанын түсіндірді
Қараша айының басында иті оқ атқан 74 жастағы аңшы туралы хабарланды. Ер адам жансақтау бөліміне түскеніне қарамастан, ұлына итті үйге қайтаруды тапсырған.