АСТАНА, 7 қараша — Sputnik. Шымкенттің құқық қорғаушылары Алматы – Ташкент жолында жолаушылар автобусына оқ жаудырған Түркістан облысының бірнеше тұрғынын ұстады.
Шымкенттің полиция департаменті хабарлағандай, төтенше жағдай 5 қарашада болған.
Түркістан облысының бірнеше тұрғыны көлік ішінен травматикалық тапаншамен жолаушылар автобусына оқ жаудырыпты. Көлік пен автобус бір бағытта кетіп бара жатқан екен.
Күдіктілер көп ұзамай ұсталды. Қазір Қылмыстық кодекстің "Бұзақылық" бабы бойынша тергеу жүріп жатыр.
Полиция ұсталғандардың қаруды қайдан алғанын анықтауы тиіс. Травматикалық тапанша азаматтық қолданыстан бірнеше жыл бұрын алынып тасталған, күзет қызметкерлері ғана алып жүруге құқылы.