Спорт

Тасмағамбетовтың інісі өмірімді өзгертті – аяқ-қолынан айырылған чемпион

© Sputnik / Владислав ВодневПараспортшы-жүзуші Ержан Сәлімгереев
Параспортшы-жүзуші Ержан Сәлімгереев - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Ержан Сәлімгереев Джакартада өткен Азия Пара ойындарында Қазақстан құрамасының қоржынына бірден екі алтын медаль салды. Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында ол қиын кездері, достарының сатқындығы, суицид туралы ойлар мен бақыттың мәні туралы әңгімелеп берді

АСТАНА, 6 қараша — Sputnik. Басқа түскен қиындыққа мойымай, өмірде өз орнын тапқан 28 жастағы Ержан Сәлімгереев – бүгінде көпке үлгі спортшы. Осыдан көп жыл бұрын ауруханадан үйіне бір аяқ, бір қолмен оралған Ержан бүгінде Қазақстанның көк байрағын шет елдерде желбіретіп жүр. 

Маған ешкім сенген жоқ 

Ержан оқушы кезінде ауылда достарымен ойнап жүргенде, абайсызда тоққа түседі. Сол қайғылы оқиғадан кейін бала Ержан аяқ-қолынан айырылып, өмірінің қиын сәттері басталады. Ержанға басқа түскен қиындықты еңсеруге спорт көмектесті: алдымен балдақпен достарымен бірге аулада футбол ойнап, доп қуаласа, есейген шағында институтта жүзумен айналысуға бел буған. 

© Photo : ҚР Паралимпиада комитетіЕржан Сәлімгереев III Азия Пара Ойындары кезінде
Ержан Сәлімгереев III Азия Пара Ойындары кезінде    - Sputnik Қазақстан
Ержан Сәлімгереев III Азия Пара Ойындары кезінде

"Әкем кезінде күреспен айналысқан, бойы екі метр, салмағы 120 келі. Спортқа әуестігім қанымда бар, ол жағынан әкеме тартқанмын. Бірақ әкем облыстық деңгеймен шектелді. Қазір мен оның спорттағы жолын жалғастырып жүрмін. Әкеме Токиодан медаль әкелуге тырысамын", — дейді Сәлімгереев. 

Аурухана төсегінен тұрғаннан кейінгі ауыр күндер Ержанның әлі есінде. Оның өмірге деген көзқарасын елге танымал адамның бауыры өзгерткен. Қазақстанның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағамбетовтың інісі Құрманғали Тасмағамбетов болашақ чемпионға материалдық, моралдық және рухани қолдау көрсетіп, демеген. 

"Ол мені бұған дейін білген жоқ, ешқандай байланысымыз жоқ. Жай ғана теледидардан көріп қалыпты. Оның маған жасаған жақсылығын еш уақытта ұмытпаймын. Сол кісінің көмегінің арқасында оқуға түстім. Ондағы адамдар маған спортқа баруға кеңес берді. Ол кісі қазір менің жүзумен айналысып жүргенімді білмейтін сияқты", — деп әңгімесін жалғастырды Сәлімгереев. 

© Sputnik / Владислав ВодневЕржан Сәлімгереевтің медальдері
Ержан Сәлімгереевтің медальдері - Sputnik Қазақстан
Ержан Сәлімгереевтің медальдері

Бас кезінде Ержан жүзумен шындап айналыса бастағаны туралы тіпті отбасына да тіс жармаған. Ол үй іші оған сенбегенін мойындады.  Алайда Ержан жеңіске жететінін іштей сезген. Спортшының жеке қоржынына алғашқы медаль 2015 жылы түсті: Павлодарда өткен жарыста отандасымыз бір алтын, екі қола еншілеген. 

Ержан Сәлімгереевел чемпионаттарының бірнеше мәрте, Берлиндегі Әлем Кубогының төрт алтын медалін жеңіп алды. Джакартадағы Азия Пара ойындарының екі "алтынын" иеленді. Алайда Мехикода өткен әлем чемпионатында бірінші келсе де медальсіз қалған. Ержан мұны жеңіліс деп санамайды. 

Менің медальдарымды басқа спортшылар алып қойды

Александр Колядин - Sputnik Қазақстан
Спорт
Паралимпиада чемпионы 250 мың долларды қайда жұмсайды?

Өткен жылғы әлем чемпионатында Ержан Сәлімгереев баттерфляй әдісімен 50 метр қашықтыққа жүзу кезінде мәре сызығына алғашқы болып жетті. Алайда әлем біріншілігінің алтын медалі отандасымызға бұйырмады – төрешілер қазақстандық спортшы белгі берілмей жатып, жарысты бастап кетті деп шешкен. 

"Төрешілер жарыс басталар алдында менің бас изегенімді айтты. Мен мұны жеңіліс деп санамаймын. Басқа елдің спортшылары қасыма келіп, шын мәнінде жеңіс менікі болғанын мойындады. Ағылшын тілін жетік білмесем де, не айтқысы келгенін көздерінен ұқтым", — деп еске алды спортшы. 

Осыған ұқсас жағдай Джакартада 6-13 қазан аралығында өткен Азия Пара ойындарында да қайталанған. Жарыстың алғашқы күні төрешілер қазақстандықтың нәтижесін жойған, олардың пікірінше, жүзу кезінде Ержан иығымен қате қимыл жасаған. 

"Менің медальдарымды басқалар алды, қапаланғаным рас. Өйткені жеңіске мен лайықты едім. Өз міндетімді 200%-ке орындадым", — дейді спортшы. 

© Sputnik / Владислав ВодневПараспортшы-жүзуші Ержан Сәлімгереев
Параспортшы-жүзуші Ержан Сәлімгереев - Sputnik Қазақстан
Параспортшы-жүзуші Ержан Сәлімгереев

Есесіне еркін стильмен 50 метр және 100 метр қашықтыққа жүзуден Ержанға тең келер ешкім болмады. Төрешілер тарапынан да ешбір сын айтылған жоқ. 

Сатқындық…

"Сатқындық… Кезінде бағалап, құрметтеген достарым бір күні астындағы көліктерін ойлап, мені керек жерге жеткізіп салудан бас тартты. Сол сәтте өзімді қандай адамдар қоршап жүргенін ойлана бастадым", — дейді Ержан. 

Александр Колядин - Sputnik Қазақстан
Спорт
Паралимпиада: қазақстандық шаңғышы тарихта алғаш рет алтын жүлде иеленді

Айтуынша, кей адамдар оның мейірімділігі мен аңғалдығын әлсіздік ретінде қабылдап, пайдаланып кетіп жатады. 

Өзі туып-өскен Геолог және Еркінқала кенттерінде "89-шы"жылғылар, яғни өзімен қатарлас дос-жарандары тұрады. Олар спортшыға қол ұшын созуға әрдайым дайын. Шетелдегі таныстары мен әлеуметтік желілердегі жанкүйерлері де Ержанға моралдық жағынан көмек көрсетеді.  

"Достарым мені "мотиватор" деп атайды. Енді біреулер менің оқиғамды естіп, спорттық мансабын жалғастыруға бел буғанын айтады. Әлеуметтік желіде мүмкіндігінше барлығына жауап беруге тырысамын. Кейбірі жай ғана менің суреттерімді қарап, рухани күш алады", — деп санайды Ержан. 

Спортта кімді үлгі тұтатынын сұрағанымызда, португалиялық Криштиану Роналду мен боксшы Флойд Мэйвезерді атады. Айтуынша, қос спортшы да өзінің күш-жігерімен, табандылығымен жігерлендіреді екен. 

© Sputnik / Владислав ВодневПараспортшы-жүзуші Ержан Сәлімгереев
Параспортшы-жүзуші Ержан Сәлімгереев - Sputnik Қазақстан
Параспортшы-жүзуші Ержан Сәлімгереев

Жеңіп алған ақшама автокөлік сатып аламын 

Азия Пара ойындарының медалистеріне берілетін сыйақы Азиада жүлдегерлерінің ақшасымен пара-пар. Ержан Сәлімгереев екі алтын медалі үшін 20 мың доллар алды, енді өз арманын іске асырғысы келеді. 

"Үйден жаттығу залына дейін жаяу барамын. Өзімнің жеке темір тұлпарым болғанын қалар едім", — дейді ол. 

Жеке көлігі қандай болатынын Ержан әзірге білмейді. Өзіне ыңғайлы көлік табуды достарына тапсырып қойған. Бұған қоса, ол спорттық протез үшін Колорадоға барып келуді жоспарлап отыр. Отандық өндірістен шыққан қол протезі оған ыңғайсыз болған. 

Суицид туралы ой болды, бірақ қазір бақыттымын

"Менде барлығы бар: отбасым, достарым, менің өмірім", — дейді чемпион көзге тура қарап. 

© Sputnik / Владислав ВодневПараспортшы-жүзуші Ержан Сәлімгереев
Параспортшы-жүзуші Ержан Сәлімгереев - Sputnik Қазақстан
Параспортшы-жүзуші Ержан Сәлімгереев

"Кейбіреулер менен бақыт деген не деп сұрап жатады. Бұл секундтар мен минуттар – осының өзі үлкен бақыт. Мен тіпті аяқ-қолым жоқ екенін де ұмытып кетемін", — дейді спортшы.

Өзіне қол жұмсау туралы ой болды ма деген сұраққа, бір сәт кідіріп "иә" деп жауап қатты. 

"Ондай ой болды. Бірақ ол ой менікі емес. Бұл шайтан болды", — дейді ол. 

Астанадағы жұмыстарын аяқтаған соң, Ержан туған қаласы Атырауға оралады. Кейін күнделікті тіршілік қайтадан басталады – жаттығу, тағы да жаттығу. 28 жастағы спортшы алар асуы әлі алда екеніне сенімді, өйткені жақында жазғы Параолимпиада ойындарының алтын медалі үшін талас басталады. 

 

Жаңалықтар
0