АСТАНА, 6 қараша – Sputnik. "Нұрлы жер" тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасы аясында 8 миллион 800 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл туралы бүгін инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрдің мәліметінше, "Нұрлы жер" тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасы аясында 8 миллион 800 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Ол 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,6%-ке жоғары.
"77 мыңнан астам отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартты. Оның ішінде 9,5 мыңға жуық отбасы мемлекет қаржысы есебінен салынған баспанаға қол жеткізді", — деді Қасымбек үкімет отырысында.
Оның айтуынша, тұрғын үй құрылысына салынған инвестиция өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 31,5%-ке артып, 818 миллиард 900 миллион теңгені құрады. Мемлекеттік инвестицияның 1 теңгесіне жеке инвестициялардан 8 теңге салынған.
Астанада пәтер алуға миллион теңге кімдерге берілетіні белгілі болды
Министр биыл "Нұрлы жер" аясында 12,1 миллион шаршы метр баспананы пайдалануға беру жоспарланып отырғанын атап өтті.
"Оның ішінде 1 миллион 300 мың шаршы метр немесе 22 мың пәтер мемлекеттік инвестиция есебінен тапсырылады", — деді Қасымбек.
Ол 2018 жылы "Нұрлы жер" бағдарламасын іске асыруға республикалық бюджеттен 148,6 миллиард теңге бөлінгенін мәлімдеді.
9 айдың қорытындысы бойынша тұрғын үйді пайдалану көлемі жағынан Астана, Алматы қалалары және Маңғыстау облысы алда келеді. Ал тұрғын үйлерді пайдалануға беру өсімінің қарқыны Шымкент, Алматы облысы мен Маңғыстау облысында байқалады.
Сонымен қатар, 2017 жылмен салыстырғанда тұрғын үйлерді пайдалануға беру қарқыны 2 өңірде төмендеген: Астана мен Қызылорда облысы.