АСТАНА, 3 қараша – Sputnik. Елімізде "Қазақстанның 100 жаңа есімі" жобасының қатысушыларына онлайн дауыс беру басталды.
"Қазақстанның 100 жаңа есімі" жобасы елімізде осымен екінші жыл жүзеге асып келеді. Жеңімпаздар алты категория бойынша таңдалады: мәдениет, медицина, ғылым, бизнес, қоғам және спорт.
Байқау атауы шартты, жеңімпаздар саны жүзден де асуы мүмкін.
Тізімге ену үшін дарынды қазақстандықтар үш кезеңнен өтуі тиіс. Бірінші кезеңде барлық өңірден өтінімдер жиналады, екінші кезеңде жұмыс тобы арнайы комиссиямен бірге ең лайықтыларын таңдайды.
Қазір жоба соңғы кезеңіне жетті, үшіншісі – онлайн дауыс беру.
Байқауға ең көп Астана қаласынан тіркелген. Әртүрлі салалардан 127 елордалық бар.
Екі кезеңнен сүрінбей өткендердің саны жағынан екінші орында 113 қатысушымен Қарағанды облысы тұр.
Кандидаттар арасында бейтаныс әйелге бүйрегін берген адам, дәрігер-репродуктолог, гроссмейстер, көп балалы ана, қоғамдық тамақтану желісінің негізін қалаушы, Ұлттық ұлан сержанты және тағы басқалары бар.