Назарларыңызға Лондонның жаратылыстану музейі өткізетін Wildlife Photographer of the Year байқауының жеңімпаздары түсірген қайталанбас керемет фотоларды ұсынамыз.
Фотографтардың өздері мойындағандай, үздік кадр үшін олар суықтан да, аптап ыстықтан да тайынбайды. Олардың қанжығасына байлаған олжасы – баға жетпес кадрлар.

Фотограф Марсель ван Остен байқаудың жеңімпазы атанған. Ол «алтын» маймылдарды суретке түсіріп алыпты. Фото авторы ұзақ уақыт бойы мешіндерді бақылап, осы бір керемет кадрға қол жеткізген. Күннің сәулесі жануарлардың алтын түстес жүнін жарқыратып, көкпеңбек ауыздарын ерекше айшықтайды.

Фотограф Джорджина Стейтлердің "Еңбекқор соналар" атты суреті "Омыртқасыздардың мінез-құлқы" номинациясында жеңіске жеткен. Автор мойындағандай, негізінде Батыс Австралияда бұлақ басында құстарды түсірмек болған екен. Сол кезде назары соналарға түсіп кетеді. Жәндіктер тыным таппай, ұя салып жатады, тіпті адамға де еш мән бермейді. Джорджина сол сәтті пайдаланып, еңбекқор соналарды фотоға түсіріп алыпты.

"Жас фотограф" номинациясы бойынша гран-при он алты жастағы Оңтүстік Африка тұрғыны Скай Микерге бұйырды. Леопард фотографтың жанында ұйықтап жатқан. Жыртқыш кенет көзін ашқанда, автор суретке түсіріп үлгеріпті. Бұл Ботсвандағы Машату қорығында болған еді. Мұнда туристер жабайы аңдарды жақыннан көру үшін сафариге келеді.

"Аңдар өз мекенінде" номинациясы бойынша жеңіске жеткен Кристобаль Серрано осы кадр үшін дронды ұшыруға ыңғайлы сәтті ауа райы түзелгенше бірнеше сағат бойы күткен екен. Ол еріп бара жатқан мұз үстінде жатқан итбалықтарды суретке түсіріп алыпты.

"Жабайы табиғат фотожурналистикасы" номинациясында фотограф Джоан де ла Малла "Көңілсіз сайқымазақ" суретімен жеңіске жетті. Фотода сайқымазақ рөліндегі кішкентай макака иесі кигізіп қойған бетпердені шеше алмай тұр. Индонезияда үйретілген маймылдар шоуы кең танымал. Адамдар жануарларды эксплуатациялап, артқы аяқтарымен жүріп, неше түрлі трюк жасауға мәжбүрлейді, соның бәрі жолшыбай өткендер бір-екі тиын тастауы үшін ғана.

Фотограф Орландо Фернандес Миранда "Қоршаған орта" номинацияныда жеңді. Намиб шөлінде табиғи күштердің өзара арпалысын суретке түсіріп алыпты – ұйытқыған жел, жыжыған күн және қалың тұман бір кадрда.

Үндістанда түратын он жасар фотограф Аршдеп Сингх "Жас фотограф" (10 жасқа дейін) номинациясында жеңіске жетті. Балақай ескі құбырдың ішіне ұшып кірген құсты байқап қалыпты. Кейін терезеге шығып қараса, құбыр ішінде екі жапалақ отыр екен.

"Қанға құмар" суреті "Құстардың мінез-құлқы" номинациясында жеңімпаз атанды. Томас Пешак құстың қанын ішіп жатқан шұбар шымшықты фотоға түсірген. Галапагос аралдарында шөл кезеңінде құстар қаныішер болып кетеді.

"Бауырымен жорғалаушылар мінез-құлқы" номнациясының жеңімпазы. АҚШ фотографы Дэвид Герасимчук Тенессидегі өзен түбінде алып саламандраның жыланға шабуыл жасағанын түсірген. Әдетте олар шаян және жәндіктермен қоректенеді, сол себепті бұл өте сирек кадр.

Майкл Патрик О'Нил түн ортасында осыбір ұшқыш балықтың неон түске енгенін суретке түсіріпті. Балық планктондарды аулау үшін бұл кезде өте ақырын қозғалады. Фотограф жылдамдық пен қозғалысты көрсету үшін, камераның әртүрлі функциясын пайдаланған. Сурет "Су астындағы өмір" номинациясында жеңіске жетті.

Намиб шөліндегі ерекше өсімдік вельвичия деп аталады. Жасы мыңдаған жылдарға жетуі мүмкін. Мемлекет қорғауына алынған. Джен Гайтон күн мен бұлттардың әдемі сәтін таңдап, өсімдікті суретке түсіріпті. "Өсімідктер мен саңырауқұлақтар" номинациясының жеңімпазы.

"Қиялдағы үйрек" суретін Карлос Перес Наваль Норвегияда таң атар шақта түсірген. Наурыз айында болса керек, фотограф үздік сәтті күтіп, жерде ұзақ жатып, әбден тоңыпты. Бірақ мұнысы зая кетпеді, құстың судан ұшып шыққан сәтін қалт жібермеген.

"Жабайы табиғат фотожурналисі: тарих" номинациясында мексикалық Алехандро Приетоның кадры үздік атанды. Мексика тауларында түсірілген суретте ягуар тырнағын ағашқа егеп отыр. Алехандро ағаштан жыртық тырнағының іздерін байқап, алты метр биіктікке камераны орнатқан. Батереясын ауыстыру үшін ай сайын барып отырыпты. Жыртқыш сол ағашқа алты айдан соң оралды. Әдемі суреттің тарихы осы.
