АСТАНА, 26 қазан – Sputnik. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде қоғамдық бақылаудың интерактивті картасы таныстырылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін Астананың қоғамдық бақылауының интерактивті картасы іске қосылды. Ақпараттық ресурс Нидерланды Корольдігінің Қазақстандағы елшілігінің қолдауымен, сондай-ақ әзірлеуші компания қаржысына әзірленген.
Қоғамдық бақылаудың интерактивті картасының көмегімен елордалықтар бюджеттік шығындар туралы бар мәліметті біле алады.
Карта нақты уақыт режимінде Астананың жалпы сомасы 150 миллиард теңге болатын әлеуметтік нысандарын салу, жөндеу және күтіп-ұстауға бөлінген бюджет қаражаты туралы толық мәліметті көрсетеді. Сондай-ақ мердігерлер, бөлінген қаржы, құрылыстың мерзімі, кепілді міндеттемелер, құрылыстың егжей-тегжейін, тіпті қиыршық тастың диаметрі, асфальт төсемінің қалыңдығы туралы ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Келер жылы қазақстандықтарды қандай өзгеріс күтіп тұр?
Нидерланды Корольдігінің елшісі Дирк Ян Коп картаның дизайны Қазақстан үшін арнайы әзірленгенін атап өтті.
"Біздің өзімізде мұндай карта жоқ болғандықтан, мен кішкене қызғанып та тұрмын. Картаның дизайны Қазақстан үшін арнайы әзірленді. Бұл заманауи, инновациялық технология. Соңғы 100-150 жылда барлық жергілікті, қалалық және облыстық бюджеттер қарапайым халыққа жабық, қолжетімсіз болатын. Енді осы картаның көмегімен әр адам бюджет қаражатының қалай жұмсалып жатқанын бақылай алады", — деді елші брифинг барысында.
Елшілік картаны әзірлеуге үш миллион теңге бөлген, ал жобаға жұмсалған жалпы сома қанша екені белгісіз.
Интерактивті карта 24 сағат бойы қолжетімді, егер қандай да бір сәйкессіздіктер байқалса, кез келген адам тиісті суреттер мен бейнематериалдарды тіркей отырып, уәкілетті органға хабарлай алады.
Сонымен қатар, ресурс жұмсалған қаражатты автоматты түрде талдайды және ұқсас нысандармен салыстырады. Қоғамдық бақылаудың интерактивті картасына мына сілтеме арқылы өтуге болады.
Жоба авторлары бұл жаңашылдықты келесі жылдың соңына дейін еліміздің басқа қалаларында да іске қосуды жоспарлап отыр.
Цифрландыру бағдарламасына орай білім саласында қандай өзгерістер болады?