Қоғам

Абайтанушы: Қазақтың "Байтал шауып бәйге алмайды" дегені дискриминация емес

© Photo : Пресс-служба агентства по делам государственной службы и противодействию коррупцииМемлекеттік қызметтегі әйелдер, архивтегі сурет
Мемлекеттік қызметтегі әйелдер, архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Ғалым балалардың әкесіне емес, анасына қарап өсетінін, сондықтан бірінші кезекте қазақ қоғамындағы әйел рөліне көп көңіл бөлу керектігін айтты

АСТАНА, 25 қазан — Sputnik. Қазақтың "Байтал шауып бәйге алмайды" деген сөзі дискриминация емес. Бар болғаны әйел адам өзінің ер адамнан тек бала туу арқылы оза алатынын түсінгені жөн. Осылай деді Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті "Алаш" мәдениет және рухани даму" институтының ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Омар Жәлелұлы Темірбеков, деп хабарлайды тілшісі.

Омар Темірбеков қазақ қоғамында әйелді иманды етіп тәрбиелеуге бұрынғыдай көп көңіл бөлінбей отырғанына алаңдайтынын жеткізді. 

Қыз - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Ғалым ер азаматтар әйелді қандай төрт қасиетіне қарап таңдайтынын айтты

"Қазақ руханияты бар күш-қуатын әйелді иманды етіп тәрбиелеуге жұмсаған. Өкінішке орай, қазіргі кезде осы әйелге білім беру мәселесі дұрыс жолға қойылмай, ақсап жатыр. Біз әйелдерді өз табиғатына жат, ер адамдар секілді тәрбиелеудеміз. Ақша табуға бағыттап, еркектермен бәсекеге қабілетті болуды үйретіп жатырмыз. Бұл – үлкен қателік. Әйел адам білім алуы керек. Бірақ "Ол қандай білім? " деген сұраққа біз әлі жауап берген жоқпыз", — деді Омар Жәлелұлы. 

Әрі қарай ғалым бұл сұраққа қазақ тарихшысы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы қалай жауап бергенін айтып берді. Тарихшы ғалым еңбектерінің бірінде "Қазақ әйелі зәру білім алуы керек" деп жазған. Омар Жәлелұлының айтуынша, бұл — жалпы үшке бөлінетін ғылымның бір түрі. Алғашқы білім түрі адам баласын үй тұрғызып, көпір салуға, тіршілік ету үшін жағдай жасауға үйретеді. Ал екінші білім бес нәрседен тұрады және ол "зәру білім" деп аталады. 

"Ғылымның екінші түрі әйелді нәзік жанын сақтап қалуға үйретуге бағытталған. Өйткені, шын мәнінде, "әйелдің жаны" деген ұғым бар. Бүгінгі таңда көп әйел еркектермен бәсекеге түсіп, өздеріне тән нәзіктікті жоғалтып алып жатыр. Олардың жаны еркектеніп барады. Бұл – үлкен проблема. Аталған бес нәрсенің ішінде тұрмысқа шыққаннан кейін малын екі етуді үйрену, дүниеге перзент әкелген соң оның өмірін сақтап қалуға әрекет жасау да бар. Осының барлығын қазақ "зәру білім" деп атаған", — деді ғалым. 

Мұнымен қатар, абайтанушы зәру білімді алған әйелдің періштелік сипатқа ие болатынын айтты. Түсіндіруінше, періштелік сипатқа өткен әйел күйеуін де жақсы күтетін болады. Сондай-ақ, маман қазір балабақша мен мектептерде бұл білім түрінің берілмейтініне алаңдайтынын жеткізді. 

"Еш жерде мұндай білім туралы ләм-мим деп аузымызды ашпаймыз. Өйткені ондай білім туралы ешнәрсе білмейміз. Оның үстіне қазақта "Әйел білімді болса, отбасында бәрі білімді болады. Ер адам білімді болса, бір адам білімді болады" деген сөздің жаны бар", — деді Омар Темірбеков. 

Бұдан өзге филолог 1920 жылы басылып шыққан Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезовтің "Адамшылықтың негізі – әйел" атты мақаласына тоқталды. Осы мақалада жазылған "Қазақ ел боламын десең, бесігіңді түзе" деген үндеу сөздің мағынасын түсіндірді. Айтуынша, бұл жерде бесік туралы емес, әйелдің жағдайын түзету туралы жазылған.

Жұмыс үстелінде отырған әйел - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлердің 55 проценті – әйелдер

"Әйел үй қыдырып, өсек айтып жүретін болса, бала надан болып өседі. Өйткені бала кімді жақсы көрсе, соған ұқсайды. Әкесі мың жерден ғалым болсын, баласы қой сауып, құрттап жүрген шешесіне ұқсайды. Өйткені әйелдің махаббаты кеудесінде, ердің махаббаты белінен төмен ғана", — деп атап өтті ол. 

Сөз соңында ғалым "Байтал шауып бәйге алмайды" деген мақалдың дискриминация емес екенін түсіндірді. Айтуынша, байтал деген – әлі құлындамаған жас бие және олардың жарысы басқа болады. Қазақта бәйгеге ішінде төлі бар байталдарды қосатын болған. Себебі, олар мәре сызығына сол ішіндегі төліне бола бірінші жетуге тырысады. Кесіп өте салысымен бірден құлындайды. 

"Бұл жерде әйелдің жарысы мен карьерасы басқа екенін меңзеп тұр. Қазақта "Бір ұл тапқан қатын басына шылауыш алады, екі ұл тапқан төрге шығады, үш ұл тапқан үйіне сәлем бермейді, төрт ұл тапқан сұлтанның алдында, ал бес ұл тапқан ханның алдында иілмейді" деген сөз бар. Яғни әйел ер адаммен осы бала туу арқылы ғана оза алатынын түсінуі тиіс", — деп қорытты Омар Темірбеков.


Жаңалықтар
0