АСТАНА, 25 қазан — Sputnik. Ер адам болашақ әйелін төрт қасиетіне қарап таңдайды. Соның бірі – әйел адамның иманды болуы. Себебі, нығметтердің ішінде иманды әйелден артық ер адамға берілетін сый жоқ. Бұл туралы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті "Алаш" мәдениет және рухани даму" институтының ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Омар Жәлелұлы Темірбеков айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ғалым, алдымен, неліктен өзінің ер адамдарға қарағанда әйелдер тақырыбын көп көтеретінін түсіндірді. Сондай-ақ, қазақ әдебиетінің көп бөлігінің кімдерге арналғанына тоқталды.
"Менің қозғайын деп отырған тақырыбым – "Отбасы және қазақ әйелі". Әдебиетіміздің 90%-і осы қазақ әйелдеріне арналған екен. Шын мәнінде, маған да "Неге ер адамдар туралы айтпайсыз?", "Неге әйелдер тақырыбын көп қозғай бересіз?" деген сауалдар қояды. Қазақта "Алып анадан туады" деген жақсы сөз бар. Сондықтан биді де, батырды да, президент пен министрді де ана туатынын айтпасам да түсінікті. Бүгінгі таңда көп әйел ер адамдардың "сапасы түсіп кеткенін" айтады. Бірақ сол ер азаматтарды туатын әйел", — деді филолог Астана қаласында "Жастарды рухани-адамгершілікке тәрбиелеудегі және радикалды діни идеологияға қарсы иммунитет қалыптастырудағы әйелдер ұйымдарының рөлі" атты конференция барысында.
Әрі қарай Омар Жәлелұлы ер азаматтардың болашақ жарын қандай белгілеріне қарап таңдайтынын жіпке тізді. Сондай-ақ, хадистерде жиі қолданылатын "иманды әйел" ұғымы туралы айтты.
"Пайғамбардың хадисінде ер адам болашақ жарын төрт түрлі қасиетіне қарап таңдайтыны жазылған. Ол – әйелдің діндарлығы, сұлулығы, байлығы және тектілігі. Қазақ қоғамында да "иманды әйел" деген ұғым бар. Бұл — хадистен алынған ұғым. Яғни хадисте иманды әйелдің ер адамның иманының жартысы екені айтылады. Қазақтың әулиесі Мәшһүр Жүсіп Көбеев "Ер адамға берілетін нығметтердің ішінде ең артығы – иманды әйел" деп айтып кеткен. Сондықтан да қазақ бар күшін қызын иманды етіп тәрбиелеуге бағыттаған", — деді маман.
Мұнымен қатар, Омар Темірбеков әйелдерге білім беру мәселесі дұрыс жолға қойылмай отырғанына алаңдайтынын жеткізді. Айтуынша, қазір әйелдерге берілетін білім олардың табиғатына сай емес, керісінше ер адам секілді тәрбиеленіп жатыр. Олар бар күш-жігерін отбасына емес, мал табуға жұмсайды.