АЛМАТЫ, 23 қазан — Sputnik. Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдары Ресей мәселелерін қаншалықты шынайы жазып жүргенін Sputnik Қазақстан ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев пен саясаттанушы Сұлтанбек Сұлтанғалиевтен сұрап білді.
IFop француз компаниясы жүргізген сауалнаманың нәтижесі бойынша, Францияда халықтың жартысынан көбі – 53%-ы, Германияда әрбір екінші тұрғын – 50%-ы БАҚ-қа сенім артпайды, ал Ұлыбританияда респонденттердің жартысына жуығы (47%) журналистердің Ресей туралы таратқан ақпаратын шынайы деп есептемейді, АҚШ-та ондай адамдар 43% —ды құрады.
Журналистерге сенетіндердің қатары анағұрлым аз: Францияда төрттен бірі, Ұлыбританияда үштен бірі, Германия мен АҚШ-та — 39%.
Бір қызығы, Франция мен Германияда бұқаралық ақпарат құралдарының Ресей туралы мәліметтері шынайы емес деп есептейтін 35 жасқа толмаған жастардың қатары аға буынға қарағанда көбірек, ал АҚШ пен Ұлыбританияда, керісінше, аға буын осындай көзқарасты ұстанады.
Қазақстанда қалай?
Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың пікірінше, қазақстандық БАҚ Ресейдегі оқиғаларды шынайы жариялайды.
"Менің ойымша, біздің БАҚ Ресейдегі оқиғаларды негізінен объективті түрде жариялап жүр. Кейбір жайғдайлар болуы мүмкін. Алайда тұтастай алғанда қазақстандықтар орыс тілін жетік біледі және әртүрлі ақпарат көздерінен ақпарат ала алады. Сондықтан біздің журналистер шынайы ақпарат таратады деп ойлаймын", — деді ол Sputnik Қазақстан журналисінің сұрағын жауап бере отырып.
Cаясаттанушы Сұлтанбек Сұлтанғалиев те осындай пікірді ұстанады, сонымен қатар оның бірнеше түсіндірмесі бар.
"Қазақстандық БАҚ – біртекті емес субъект. Әрбір БАҚ көптеген факторға байланысты әртүрлі жариялайды. Мұның жақсы жері, пікірлердің сан алуандығы белгілі бір оқиғаларды объективті бағалауға ықпал етеді. Егер мысал үшін ресми БАҚ-ты алсақ, олар жариялаған ақпараттан келіп-кетер пайда жоқ, себебі оларды оқитындар аз, ал сенетіндер тіпті ілеуде біреу. Танымал бұқаралық ақпарат құралдары объективтілік қағидатын ұстануға тырысатыны сөзсіз", — деп пікір білдірді Сұлтанғалиев.
Қоғамдық санадағы басым пікірлер жоқ жерден пайда болмайды
Дегенмен тұтастай алғанда сұхбаттасушының бұқаралық ақпарат құралдарының шынайылығы мәселесіне қатысты тұжырымы көңіл көншітпейді.
"Тәуелсіз БАҚ – бұл аңыз. Демократия деген секілді аңыз. Мен әдепке үйретуден аулақпын, жай ғана әдеттегі фактіні келтірейін… БАҚ қоғамдық санамен айла-шарғы жасауға арналған құрал саналады – бұл жағымсыз шындықтан ешқайда қашып құтыла алмайсыз. Субъективтілік – кез келген сайт пен кез келген газеттің бір бөлігі, өйткені ақпараттық өнімді роботтар емес, адамдар жасайды. Әсіресе халықаралық қарым-қатынастардағы дағдарыс туындатқан ақпараттық соғыс шыңына жеткен қазіргі уақытта бұл өте өзекті", — дейді Сұлтанбек Сұлтанғалиев.
Оның айтуынша, пікір еш жерден алынбайды.
"Қоғамдық санадағы басым пікірлер жоқ жерден пайда болмайды, бұл – идеологиялық, насихаттау машинасы жұмысының өнімі", — деп есептейді ол.
Бұған дейін Sputnik агенттігі Батыста бірнеше рет түрлі саяси күштердің сынына ұшыраған болатын, олар бұл БАҚ-ты "ресейшіл насихат құралы" деп жариялады.