Өңірлер

Домалақ ана кесенесінің шырақшысы: Алматы әкімі әйелімен зиярат етіп, кейін ұлды болды

© Sputnik / Жансая ТәуекелқызыДомалақ ана кесенесі
Домалақ ана кесенесі - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Домалақ ана кесенесінің шырақшысы киелі жердің қасиеті туралы айтып берді

ТҮРКІСТАН, 22 қазан — Sputnik, Жансая Тәуекелқызы. Түркістан облысы, Бәйдібек ауданында орналасқан Домалақ ана кесенесі дұға етіп келген кез келген жанның ниеті қабыл болатын жер, дейді киелі жердің шырақшысы. Бастысы, зиярат етушінің ниетінің түзу болуы қажет. Киелі мекенге арнайы барып қайтқан тілшісі әулиелі жердің шырақшысымен тілдесіп, небір тылсым оқиғалар мен адам сенгісіз жайттардан хабардар болды.

Домалақ ана мен кесене тарихы

Алғашында кесене аумағындағы діни заттар дүкенінде сатушы және ауланың тазалығына жауапты болып жұмысын бастаған Сәттігүл Дәулетова соңғы төрт жылдан бері Домалақ ана кесенесінің шырақшысы.

"Тарихи кітаптарда Домалақ ана қожаның қызы деп жазылған. Түркістанда туған. Әкесі соғыста қайтыс болған, ал анасы жылан шағып көз жұмған. Домалақ ана нағашы атасының қолында тәрбиеленген. Ол кісі жиен немересіне "Кім сенің білегіңді бірінше болып ұстаса, сол адамға тұрмысқа шығасың" деп тәрбиелейді. Күндердің күнінде Бәйдібек ата нөкерлерімен келе жатып, құдықтан су ішпек болыпты. Ал құдық ішінде кішкентай ғана қыз отырады. Ол Домалақ ана екен. Содан Бәйдібек ата оны қолынан ұстап, сыртқа алып шыққан делінеді аңыздарда", — деді шырақшы.

© Sputnik / Жансая ТәуекелқызыДомалақ ана кесенесі
Домалақ ана кесенесі - Sputnik Қазақстан
Домалақ ана кесенесі

Домалақ ана — Бәйдібек бабаның үшінші әйелі. Олардың ортақ Тілеуберді деген жалғыз ұлы болған. Күйеуінің көзі кеткен соң Домалақ ана Ташкентке жалғыз ұлының қолына барады. Жасы келіп қартайған шағында ұлынан Қаратаудың баурайына, Бәйдібек бабаның жанына алып баруын өтінеді.

Қыз Әулие кесенесі - Sputnik Қазақстан
Өңірлер
Кәрі қыздардың бағын ашатын "Қыз әулие" туралы не білеміз – фото

"Егер жолда қайтыс болсам, түйенің үшінші шөккен жеріне жерлеңдер" деп тапсырады. Кесененің шалғай жақта орналасуы да осы себептен екен.

Домалақ ананың шын есімі Нұрила болған. Оның Домалақ атануы сыртқы болмысымен байланысты көрінеді.

"Нұрила анамыз бойы кішірек, томпақ келген кісі болған соң Домалақ ана атанған дейді тарихта. Анамыз ақылды, инабатты, иманды кісі болыпты. Емшілік пен көріпкелдік қасиетінің арқасында әулие атанған. Қазақтарда әулиелердің әулиесі деп Домалақ анамызды айтады. Ол кісі XIII-XIV ғасырда өмір сүрген, бүкіл қазақтың анасы болып саналады", — деді Сәттігүл Дәулетова.

1456 жылы Домалақ ананың немересі Дулат Бұхарадан Абдулла Шері есімді шеберді алдыртып, ана басына төрт қанатты күмбезделген кесене-там тұрғызады. Ал 1966 жылы кесене ақ таспен 12 метр биіктікке өріліп, күмбез орнатылады. Шырақшының айтуынша, оның ашылуына елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысқан. 2009 жылы әулие ананың ұрпақтары жиналып, кесене аумағына көгалдандыру жұмыстарын жүргізіпті.

Туристерге қарағанда зиярат етушілер көп келетін орын

Өңірдегі киелі орындардың қатарына енген кесенеге тек зиярат етіп қана қоймай, турист болып та келетіндер бар екен. Бірақ, басым көпшілігі дұға етіп, ниет етушілер. Наурыз айының соңынан бастап күн жылы уақытта келушілер саны еселей түседі. Ал қазір зиярат етушілер қатары сирей түсіпті. 

Үкаша ата құдығы - Sputnik Қазақстан
Өңірлер
Түркістандағы киелі құдықтың шырақшысы өзі куә болған тылсым күш туралы айтты
Әңгіме барысында шырақшы киелі орындағы тылсым күштер туралы да сөз қозғады.

"Алматыдан 12 адам керуен болып келіп, зиярат етті. Дұға тілеп, құран оқыды. Суретке түсті. Арада біраз уақыт өткен соң хабарласты. Суретте аппақ, түрі әжім басқан кішкентай балаға ұқсас бір жанның бейнесі түсіп қалыпты. Қатты шошынған олар "Бұл не болды? Біздің қатарымызда бала болмаған еді" деп хат жазды. Мен айтар едім, ондай бейнелер сурет пен видеоға түсіп қалады. Одан шошынудың қажет жоқ.

Негізі ол елес ашық-шашық киініп келгендерге көрінеді. Өйткені бұл әулиелі жер. Әруақты сыйлау қажет. Барынша жабық киініп, басқа орамал таққан абзал. Бұл туралы келушілерге үнемі айтып отырамын. Жалпы кесене аумағында тек елес емес, балалардың жүгіргені, жылаған дауысы шығады", — деген шырақшы бұрындары кесенеге жас жұбайлар келіп, тағзым етуі жиілеп кеткенін алға тартты.

"Жас жұбайлар келіп, кесене басында сауық құрады. Суретке түседі, бір-бірімен құшақтасады. Ол дұрыс емес. Қаншама жұмыс жүргізіп, оларға тыйым салдық әйтеуір. Киелі орын киелілігін жоғалтпауы қажет", — дейді Сәттігүл Дәулетова.

© Sputnik / Жансая ТәуекелқызыКесенеге Ресей, Италия, АҚШ елдерінен де туристер келеді
Кесенеге Ресей, Италия, АҚШ елдерінен де туристер келеді - Sputnik Қазақстан
Кесенеге Ресей, Италия, АҚШ елдерінен де туристер келеді

Кесенеге Ресей мен Италия елінен де келеді

Домалақ ана кесенесін еліміздің түкпір-түкпірінен арнайы іздеп келіп, Алладан тілек сұрайды. Тек Қазақстан емес, Ресей елінен де келушілер көп екен. Басым көпшілігі емшілер.

"Емшілік қасиет деген бір тылсым секілді көрінгенімен, негізі оның қасиетін мойындамауға болмайды. Мәселен, кесенеге небір танымал емшілер келеді. Олар адам оқығанда күш-қуатын жоғалтады ғой. Осында келіп, теріс энергияларын шығарады. Құран оқығанда, қолдары дірілдеп, тіпті айқайлап жылап та жатады. Міне, көрдіңіз бе, теріс энергияны жастың көмегімен шығарады олар. Өзім кейде мазам болмай жатса, соларға оқытылып аламын да бірден жеңілдеп қаламын. Ресейден де келетін емшілер көп. Күні кеше бір керуенді күтіп алып, шығарып салдық", — деген шырақшы Домалақ ана кесенесіне Италия елінен де жиі келетіндер барын айтты.

Америкадан да іздеп келетіндер жоқ емес. Бірақ, олар киелі орынға турист есебінде келіп-кетіп жатады. Жазда шетелдік туристер қатары артады. Осы ретте шырақшы туристердің ашық-шашық киініп жүретініне қынжылды.

© Sputnik / Жансая ТәуекелқызыШырақшы Сәттігүл Дәулетова
Шырақшы Сәттігүл Дәулетова - Sputnik Қазақстан
Шырақшы Сәттігүл Дәулетова

"Біз шетелдік туристерге жабық киініңдер, орамал тағыңдар" деп талап қоя алмаймыз. Өздерінің мәдениеті, сенімі басқа", — деді Сәттігүл апай.

Кесененің қасиеті: перзентті болып, бағы ашылған

Шырақшы келушілердің кейбірі Домалақ ана секілді перзент сүюді ниет етсе, енді бірі өз перзенті әулие ана секілді ақылды, иманды болуын сұрайды деп отыр. 

Кесене басындағы бұлақ емдік қасиетке ие - Sputnik Қазақстан
Өңірлер
Ақбура әулие кесенесіндегі шырақшылар талай тылсым күшке куә болған
Осы ретте біз шырақшыдан өзі куә болған оқиғалар туралы да сұрап білдік.

"Осыдан біраз жыл бұрын Шымкенттен бір келіншек күйеуімен келді. Отандасқандарына бірнеше жыл болған олар перзентке зар болып жүргенін айтты. Мал сойып, құран оқытты. Кесене ауласы бүгінгідей көгалдандырылмаған еді ол кезде. Топырақты жерге алаша төседік те, дастархан жайып әңгімелесіп отырдық.

Сонда күйеуі: "Апа, ниетіміз қабыл болып, перзентті болсақ, осында бір тапшан әкеліп беремін. Менен сый болсын" деп уәде етті. Жаздың соңы болатын. Келер жылдың көктемінде бір топ жігіттер ағаш көтеріп келіп, тапшанды құрып берді. Мен "бұлар кім болды?" деп аң-таңмын. Кейін білдім, әлгі ерлі-зайыпты перзент сүйіпті. Олармен әлі күнге дейін хабарласып тұрамыз", — деген шырақшы зиярат етіп кетіп, бір аптаның ішінде қолына құсын қондырған шымкенттік жігіт туралы да айтып берді.

"Кесене ауласында діни заттар дүкені бар. Бірде бір топ қыз дүкенге келіп, заттарды қарап тұрған. Менімен тілдесіп, мына бір оқиғаны айтты. Бірге жұмыс істейтін жасы отызға келген бойдақ жігіт болған екен. Жұмысбасты ол шаңырақ көтеруді кейінге қалдырып келген. Тіпті қызға сөйлеу дегенді білмейді екен.

Апасы "Домалақ ана кесенесіне баршы, жолың ашылады" деп қолқа салған көрінеді. Содан ол кесенеге келіп, осы дүкеннен бір зат сатып алыпты. Бір апта өткен соң шаңырақ көтеріп, бүгінде тату-тәтті өмір сүріп жатқанға ұқсайды. Бұл туралы маған айтып берген әлгі қыздар "Жігіт дүкеннен нені сатып алды екен?" деп өзара тілдесіп тұр.

Міне, көрдіңіз бе? Киелі орынның қасиетіне сенбейін десең, тағы болмайды. Келушілер сырқаттанып жатып, Домалақ ананы арнайы іздеп келеді. Дұға оқып болған олар жеңілденіп қалғанын айтады", — деді Сәттігүл апай.

© Sputnik / Жансая ТәуекелқызыДомалақ ана кесенесі
Домалақ ана кесенесі - Sputnik Қазақстан
Домалақ ана кесенесі

Кесене шырақшысымен сөйлесіп тұрғанымызда зиярат етуші Әуезхан Оразымбетов әңгімемізге араласты.

"Өзім осы облыстың тұрғынымын, Сайрам ауданынан келдім. Киелі жер деген таза жер ғой. Тілек қабыл болатын орын. Өзім бұл кесенеге жиі келемін. Келген сайын мал сойып, құран оқып, Алладан тілегімді ниет етіп, дұға жасап кетемін. Шыны керек, әр келіп кеткен сайын ерекше жеңілденіп қаламын", — деп ағынан жарылды ол.

Шырақшы: Алматы әкімі әйелімен зиярат етіп, кейін ұлды болды

Киелі орынға зиярат етушілердің көбі перзент жолымен дұға етіп жатады екен. Сәттігүл апай тіпті медициналық тұрғыда бала сүюге мүмкіндігі жоқтардың кесенеде түнеп, құрсақ көтергенін де талай естідім деп отыр. Қолына перзентін алған олардың көбі кесенеге келуін әлі күнге дейін тоқтатпапты. Мал сойып, құран оқытып тұрады.

"Есімде қалғаны, осыдан біраз жыл бұрын Алматының қазіргі әкімі Бауыржан Байбек келді. Әйелі, кішкентай баласы бар қасында. Айтуынша, келіншегі осы жерге зиярат етіп кеткен соң аяғы ауырлап, ұлын босанған екен. Айта берсем, мұндай оқиғалар көп болады", — деп сөзін түйді шырақшы.

Айтпақшы, кесенедегі дұға ететін бөлмелердің бірінде көненің көзі болып қалған бесікті көресіз. Оны 12 құрсақ көтерген жергілікті тұрғын ырымдап алып келген екен. Яғни, бесікті келіндері қажетсіз деп қоқысқа тастамақ болады да, киесі ұрады деп ақ жаулықты әжей оны кесенеге өткізіпті. Бүгінде зиярат етушілер бесік басында дұға қылып, тіпті "біз де алтын құрсақты ана болайық" деген ырыммен бесікті тербетіп те кетеді.

© Sputnik / Жансая Тәуекелқызы12 құрсақ көтерген жергілікті тұрғын ырымдап әкелген бесік
12 құрсақ көтерген жергілікті тұрғын ырымдап әкелген бесік - Sputnik Қазақстан
12 құрсақ көтерген жергілікті тұрғын ырымдап әкелген бесік
Жаңалықтар
0