ТҮРКІСТАН, 7 қазан — Sputnik, Жансая Тәуекелқызы. Түркістан облысының Қазығұрт ауданында орналасқан Ақбура әулие кесенесі – жаз ауасы түсе салысымен зиярат етушілер ағылатын орындардың бірі. Бірі перзент сұрап келсе, енді бірі денсаулығына шипа тілейді. Кесене басындағы шырақшылар түрлі тылсым күшке куә болған, айтуларынша, талай жанның тілегі орындалған. Sputnik тілшісі кесене басына барып, талай оқиғаға қанық болып қайтты.
Әулие туралы аңыз…
"Ақбура әулие туралы нақты дерек жоқ. Ата-бабаларымыз айтып кеткен аңыз бойынша, ол Қ.Ясауидің замандасы әрі шәкірті болған. Оның әкесі, атасы, бабасы дін жолын ұстанған. Емшілік қасиеті болған деседі. Бұл қасиет Ақбура бабаға да дарып, ел ішінде зікір салушы атанған. Ақбураның шын аты Ақтамберді болған делінеді аңыздарда. Ақбура есімін Қ.Ясауи берген екен",-деді кесене шырақшысы.
Астына ақ түйе мініп алып ерекше күшке ие болған Ақбура қазақ жерінде ислам дінін таратушылардың бірі болыпты. Ол памдат намазының екі бас сүннетін Қазығұрттағы бұлақ басында оқыса, қалғанын Йассыдағы мешітте оқитын болыпты. Түйесіне мініп, тылсым күштің арқасында әп-сәтте Түркістанға жетіп баратын оның аузына үйілген ақ көбік иығына дейін төгіліп жүретін көрінеді. Міне, осыдан кейін оған Ақбура атанып кеткен. Бұл есімді Қожа Ахмет Ясауи берген делінеді аңыздарда.
Жаз мезгілінде келушілер ұзын-сонар кезекке тұрады
Шырақшы Төребек Айтбаевтың айтуынша, мұнда жаз мезгілінде зиярат етушілер саны еселей түседі. Тіпті кесене алдында көлік қоятын орын болмай, келушілер ұзын-сонар кезекке тұрып жатады екен.
Келушілер түнеп, Алладан тілек тілейді. Ол үшін жағдай да қарастырылған. Жаздың күндері келушілер кесене ауласындағы сәкіні мекен етсе, күн ауасы салқындаған кезде шырақшының үйінде түнейді. Одан бөлек кесене ауласында киелі орынның тазалау, көгалдандыру сынды шаруашылық жұмыстарына жауапты шырақшы көмекшісінің отбасылық үйі бар.
Бұлақ суының арқасында псориаз дертінен сауыққан жасөспірім
Ақбура кесенесінің маңында бұлақ суы ағып тұр. Оны жергілікті халық "Ақбура" бұлағы деп атап кеткен. Зиярат етушілер алдымен кесене ішінде құран оқып, кейіннен бұлақ суын ішеді. Енді бірі ыдысқа құйып, өздерімен бірге алып кетіп жатады. Шырақшының айтуынша, бұлақ суының өзіндік емдік қасиеті бар. Бірі тері ауруларына пайдасы тиеді десе, келесі бірі бауыр-бүйректі тазартады деп айтып жатады. Зиярат етушілердің енді бірі бұлақ суымен шомылсақ, ерекше энергияға кенелеміз дейді екен. Айта кетерлігі, бұлақ суынан кейбір адамдарға жалыны бар ақ жылан көрінеді. Кесенедегілер оны періштеге балап отыр.
Шырақшымен сұхбат барысында оның көмекшісі Нұрғали Орашев мына бір оқиғамен бөлісті.
Осыдан 7 жыл бұрын Шымкенттен бір жасөспірім әкесімен келеді. 16 жастағы қыз псориаз дертіне шалдыққан.
"Шыны керек, ана қызды көріп қатты жанымыз ашыды. Дерті асқынып кетіпті. Киім кисе, терісіне тиіп, ауырады. Бармаған жері қалмапты, дәрігері бар, емшісі бар еш нәтиже болмаған. Үстіне ақ мата жапқан қыз кесене ішінде дұға тілеп, кейін бұлақ суын алып, үстіне құйып кетіп жүрді. Араға екі-үш күн салып бір ай үзіліссіз келіп кетіп жүрді. Кейінірек әкесі бұлақ суының пайдасы тигенін, дертіне шипа болғанын айтты. Қазір ол қыз тұрмысқа шыққан, әлі күнге дейін келіп зиярат етіп тұрады",-деді шырақшының көмекшісі.
Перзент сұрап, жолы ашылғандар да бар
Ақбура кесенесіне дертіне шипа сұрап қана емес, өзге де тілектері қабыл болуын тілейтіндер бар. Мәселен, осыдан 6 жыл бұрын оң жақта отырып қалған бір әйел азаматы келіпті. Өзі спортшы. Дене бітімі де ерлерге ұқсас оны құрбысы алып келеді. Кесенеде түнеп кеткен соң араға бір ай салмай әлгі қыз тұрмысқа шығыпты. Тағы бір жағдай, осы ауылда тұратын ерлі-зайыптылар перзент сүйе алмаған. Жеті жыл отандасқан олар ауылдың қариялары айтқан аңыз әңгімелерді естіп Ақбура кесенесіне зиярат етеді.
Ақбура кесенесіне тұрақты түрде келіп, құран оқып кетіп жататындар баршылық. Шырақшы солардың бірі ретінде Жетісай ауданындағы бір кәсіпкер жігітті атап өтті. Автокөлік сатумен айналысатын жігіт көлік базарына темір тұлпарын шығармай тұрып бір күн бұрын кесенеде түнейді. Түнімен тілек тілеген оның ертеңіне саудасы жүреді екен. Осылайша ол кесенеге әр аптаның сенбісінде түнейді. Уақыт өте туыстарын да алып келіп жүр.
"Кез келген адам бір нәрсеге мұқтаж ғой. Сондықтан киелі орындарды аралап, тілек тілейді. Бірақ кесенелерді араласа барлық адамның тілегі қабыл болып кетеді деуге тағы болмайды. Сондықтан "мен тілеп едім, орындалмады" деп қолды бір сілтеп кетудің қажет жоқ. Бүгін болмаса, ертең ниетің қабыл болуы мүмкін. Басты, ішкі тілек пен нииетте",-деді кесенедегілер.