АСТАНА, 19 қазан — Sputnik. Қазақстанның сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов мәлімдегендей, содырлардың өз еліне қайта оралуы Орталық Азияның бүкіл мемлекеттері үшін қауіп туғызады.
Оның пікірінше, бұл мәселеге ерекше мән беру керек.
"ДАИШ (Ислам мемлекетінің* арабша атауы) террористер тобы Сирияда жеңіліске ұшырағаннан кейін, қазір лаңкестердің өз елдеріне қайта оралу қаупі төніп тұр, оның ішінде Орталық Азия мемлекеттеріне, бұл мәселеге ерекше мән берген жөн", — делінген министрдің РИА Новости сауалына берген жазбаша жауабында.
СІМ басшысы атап өткендей, Сирияның ішкі ахуалы неғұрлым тезірек қалыпқа келсе, тұрақсыздықтың бұл ошағы да ауыздықталатын болады. Бұл – Қазақстанның ресми ұстанымы, деп мәлімдеді ол.
Сириядағы қарулы қақтығыс 2011 жылы басталды. 2017 жылдың соңында Сирия мен Ирактағы Ислам мемлекеті* террористерінің жеңілгені туралы жарияланған. Алайда елдің кей аудандарында содырлардан тазарту шаралары жүргізіліп жатыр. Ахуалды реттеу бойынша бірінші кезекте саяси проблемалар мен босқындардың қайтарылуы мәселесі шешімін табуы керек.
*Ислам мемлекеті — Қазақстан, Ресей және тағы басқа елдерде тыйым салынған террорлық ұйым