АСТАНА, 18 қазан – Sputnik. Қаржы министрі Әлихан Смайылов мемлекет басшысының 5 қазандағы жолдауында айтылған тапсырмаларды іске асыруға қанша қаражат бөлінетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрдің айтуынша, үш жылдық кезеңге 1 триллион 288 миллиард теңге қарастырылған.
"Республикалық бюджеттен алдағы үш жылға 966,1 миллиард теңге бөлінеді. Ең алдымен, қаражат ең төменгі жалақы мөлшерін көтеруге бағытталады. Бұл мақсатқа үш жыл ішінде 288,9 миллиард теңге немесе жыл сайын 96,3 миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр", — деді министр үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.
Қазақстанда қанша қызметкердің жалақысы өседі?
Оның айтуынша, 85,8 миллиард теңге 275 мың азаматтық қызметкердің жалақысын көтеруге бағытталса, 10,4 миллиард теңге жергілікті бюджеттердің кіріс бөлігін толықтыруға жұмсалады.
"Қосымша шаралар қабылдаудың арқасында экономиканың барлық саласы мен секторында орташа айлық жалақы 9,1 процентке өседі. Бұл инфляцияны есепке алғандағы нақты өсім", — деді министр.
Сондай-ақ, шағын және орта бизнесті дамытуға (БЖК-2020 бағдарламасы бойынша) үш жылда 90 миллиард теңге немесе жыл сайын 30 миллиард теңге бөлу көзделіп отыр.
2019 жылы Қазақстанда қандай өзгерістер болады?
Еске сала кетсек, Қазақстан президенті 5 қазанда жариялаған жолдауында 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап үкіметке ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырған болатын. Сондай-ақ, бюджет саласы жұмыскерлерінің жекелеген санаттарының жалақысы ұлғайтылады.