АСТАНА, 10 қазан — Sputnik, Кенжекей Тоқтамұрат. Қазанның салқын сейсенбісінде, кешқұрым "Шерхан Мұртаза қайтыс болыпты" деген қаралы хабар тарады. Ойшыл жазушы ұзақ жылдардан бері жанына батқан ауыр сырқаттан 9 қазан күні кешкі сағат жетіге таман көз жұмған. Sputnik Қазақстаннан жазушының әртүрлі сұхбаттарында айтып, кітаптарында жазған шерлі де өткір ойларын оқыңыздар.
Шерхан Мұртазаның бақытсыз балалық шағы
Халық жазушысы 1932 жылы туған. Зұлматты жылдардың өзге де перзенттері сияқты, оның балалық шағы ашаршылық, қанды соғыс, репрессияға тарыған. Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы Мыңбұлақ атты ауылда туған Шераға ешбір сұхбатында балалық шағын жымия еске алмаған екен. Керісінше, балалық сананың түбінде қалған ауыр ойларды күрсіне еске ала берген, ала берген…
"Айша шешем кеудесінен сүт шықпай қалғанда талқанды матаға түйіп, оны суға матырып, маған соны сорғызады екен. Сол қорек болыпты", – дейді жаушы бір естелігінде.
"Түн ішінде екі милиция мен бір "понятой" болып өзіміздің ауылдағы бір мұғалім келді. Терезеде сыртта біреу тұрғанын тағы көрдім. Естен кетпейтін жаман түн…Үйдің ішін тінтті. Жүктерді, санықтарды ақтарды. Милиционерлердің біреуі ілулі тұрған жайнамазды жұлып алып, асты-үстін аударып көріп: "аяғым тоңып жүр еді, жақсы болды ғой. Осыны мен шылғау қылып алайыншы" деді. Бала күнімнен көрген зорлықтың, қорлықтың алғашқы түрі осы болды. Осыны көрген баланың көңілінде қандай сезім қалуы мүмкін? Өшпенділіктен басқа еш нәрсе қалмайды", – деген әкесінің "халық жауы" ретінде ұсталған түнін еске алған Шерхан Мұртаза.
Шерағаның әкесі Сібірге айдалып, Амур өзенінің жағасында ағаш кесетін бригадада қара жұмысқа салынған екен. Намаз оқып жатқанда екі адам кескен үлкен ағаш үстіне құлап, небары қырық жасында қаза тауыпты.
"Газет – бір жағынан досым, бір жағынан – жауым"
Бірақ, жаушылық пен журналистикадан бұрын, ақын боламын деген Шераға әдебиет сыншысы, драматург Зейнолла Қабдоловтың сынынан кейін өлең жазбай кеткен.
Осылайша, ол өз мамандығына сай, 1956-1963 жылдар арасында қазіргі "Жас Алаш", сол уақыттағы "Лениншіл жас" газетінің, қазіргі "Егемен Қазақстан", бұрынғы "Социалистік Қазақстан" газетінің тілшісі болған. Ал, 1963 жылы "Лениншіл жас" газетіне бас редактор болып келген Шерхан Мұртаза 30 мың тиражды басылымды 130 мың тиражға жеткізген. Жалпы, 1963 жылдан бастап 1970 жылдар арасында "Лениншіл жас", "Жазушы" баспасы, "Жұлдыз" журналының бас редакторы болды. Бертін келе, 1989-1992 жылдары "Егемен Қазақстан" газетінің редакторы, "Қазақстан" мемлекеттік телерадиокомпаниясының төрағасы болады. Әлі жасап келе жатқан "Таңшолпан" бағдарламасы – марқұрм Шерхан ағамыздың ойынан шыққан бағдарлама еді.
Тағы оқыңыз: Қазақстанның халық әртісі өмірден өтті
Журналистік қызметі қандай қарбалас, ауыр болса да, Шерхан аға жазушылықтан қол үзген жоқ. Бірақ, журналистің жұмысы – кейде жазушыға дос, кейде қас деп кетті.
"Газет жұмысы – бір жағынан жазушының досы. Ел көресің, жер көресің, сан түрлі адамдармен кездесесің. Шығармаға жем табылады. Газет – бір жағынан жазушының жауы. Ойыңда жүрген, көкірегіңді кернеген дүниені алаңсыз отырып жаза алмайсың, ұдайы оттың үстінде жүресің, түнде де тыным жоқ", — деген еді Шерхан аға.
"Менікі самопал емес". Шераға қазақ жазушылары үшін неге алаңдады?
Шерхан аға журналистикада жүріп, "Табылған теңіз" (1963), "Бұлтсыз күнгі найзағай" (1965), "Белгісіз солдаттың баласы" (1967), "Мылтықсыз майдан" (1969), "41-жылғы келіншек" (1972), "Ахметжанның анты" (1973) атты повестерін, "Интернат наны" (1974) атты атақты әңгімелер жинағын, "Ай мен Айша" атты романын жазған мықты жазушы. Ал, "Қара маржан" романы үшін жылы Мемлекет сыйлығын алған. Мемлекет қайраткері Т. Рысқұловтың өміріне арналған "Қызыл жебе", атты екі кітап пен "Жұлдыз көпір", атты үш кітабы роман-трилогия болып басылды.
"Жақында "Жалын" баспасы менің "Ай мен Айша" атты романымның бірінші кітабын басып шығарды. Рахмет. Бірақ, қаламақы төлейтін сыңайы жоқ. Өйткені қарызға батып, қаржысыз отыр. Таралымының біраз бөлігін өзім сатып ақша табуым керек көрінеді. Бар шығарғаны 200-ақ дана.
Камал! Егер енді Көк базарда "самопал" арақ сатып, бөтелкесіен өткенге де, кеткенге де ұсынып, зарлап тұрған кемпірлердің қатарынан мені көрсең – таң қалма. Әрине күлерсің. Күле бер. Кітабымды сатып тұрамын, атасына нәлет! Бірақ менікі "самопал" емес. Арым таза. Тек бір қауіпім бар: сатып алушылар менің кітабымның мұқабасын сипалап көріп тұрып, қасымдағы "самопал" сатқан көршіме бұрылып кете ме деп қорқамын.
Солай, бауырым. Кітап дүкендері толған "Мәскеу" баспаларының неше алуан "өнімдері". Ішіндегі бірен-саран құндылары да бар. Ал негізінен "секс" туралы бейәдеп кітаптар", — деген жазушы Камал досына жазған хатында.
"Бір кем дүниесіндегі" мың кем дүние
Шерхан Мұртазаның жас та, кәрі де іздеп жүріп оқыған кітаптары жетерлік. Соңғы уақытта көркем әдебиетті сүйетіндердің аузынан түспей жүрген "Бір кем дүние" атты туындысының өзі бір төбе. Марқұмның әрбір берген сұхбаты да жеке бір тақырыптың лекциясы сияқты еді.
Шерағаның әртүрлі дереккөзде шыққан шерлі цитаталарының бірсыпырасын оқиық.
"Жетімдіктің неше түрлі дәмін татқанбыз. Ащы дәмі және де. Ащы болғанда, улы. Сондай зәрлі. Жетімдікті ешкімге көрсетпесін…"
"Намыс – адамның жан серігі. Көзге көрінбейді. Жеке жүрмейді. Тым болмаса, көзге көрінетін көлеңкеде де сияқты емес. Бірақ серік. Мықты серік. Бұл серігі жоқ адам қасиетсіз, әлсіз."
"Темірді тат шірітеді. Тат темірдің өзінен шығады. Адамды аздыратын жаман қылықтары да өзінен шығады. Ол да тат. Сабындап жуып кетіре алмайсың. Адам жанын тат басса, оны тек кітап кетіре алады. Әрине, асыл кітап, адал кітап. Ең бірінші – Құран! Екінші – хадистер! Ұлы классиктер. Қазақтың ұлы жазушылары. Кітап жем, су сұрамайды. Кітап – ғажайып қазына. Кітап – өмірсерік. Бір кем дүние…"
"Самайға ақ кіріп еді, сақал-мұрт та ағара бастады. Ұялған ұрыдай болып қастың бір талы да ағарыпты. Сөйте-сөйте…сүйек те ағарады-ау… Несіне тырбаңдаймыз? Бәрі де өтеді. Өтпейтін тек уақыт қана. Адамдар: "Уақыт өтіп барады",-деп өкінеді. Шынында өтіп бара жатқан уақыт емес, өмір өтіп барады".
"Қос тілді ұлт болмайды. Қос тілді жылан ғана болады".
"Бұрынғы Кеңес одағына қараған, қазір тәуелсіздік алған мемлекеттердің бір де бірінде тіл туралы біздегідей талас жоқ. Бәрінде де бір тіл, республиканың аты берілген елдің тілі – мемлекеттік тіл. Оған ешқандай талас жоқ. Талас тек бізде ғана бар. Талас шығарып жүрген Қазақстандағы орыс халқының қалың тобы емес. Халықта жазық жоқ. Талас тудырып жүрген "жаворонок" сияқты саяси пәлеқорлар. Біздің мемлекетте өмір сүріп жатқан басқа ұлттардың өкілдері қияңқылыққа бармайды".
"Бидайын алып, сабанын қойған Құдай. Жақсысын алып, жаманын қойған Құдай…"