АСТАНА, 1 қазан — Sputnik. Қазақстанда қазанның жиырмасынан кейін күн қатты суытады, деп хабарлайды "Қазгидромет".
Қазақстанның солтүстігі, шығысы мен орталығында қазан айының басында ауа температурасы түнде бес градус аязға дейін төмендейді. Ал бұл кезде еліміздің оңтүстік-шығысында күн күркіреп, жаңбыр жауып, түнде температура 12 градус жылы болмақ.
Батыс өңірлерде де ауа райы дәл осындай болып, 3-4 қазанда күн күркіреп, жаңбыр жауады. Бірнеше күннен соң жауын-шашын шығысқа қарай ығысып, оныншы қазаннан кейін бүкіл Қазақстан аумағына таралады. Елдің шығысында жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болмақ.
Қазгидромет хабарлағандай, айдың ортасында елімізде күн жылынып, жайма шуақ ауа райы болмақ. Мәселен, солтүстікте күндіз сынап бағанасы 22 градусқа дейін көтеріліп, оңтүстікте 28 градус нөлден жоғарылайды.
1 қазаннан бастап Қазақстанда болатын өзгерістер
Синоптиктердің болжауынша, ай соңында республикада жаппай күн суытады. Сынап бағанасы бұл кезде төмендеп кетеді: солтүстікте түнде 13 градус аяз болса, күндіз 5 градус аяз; ал оңтүстікте түнде бес градус аяз болса, күндіз – 18 градус жылы.
Қазгидромет атап өткендей, бұл – консультативті ауа райы болжамы.