АСТАНА, 26 қыркүйек – Sputnik. Синоптиктердің болжамынша, Қазақстанның батысы мен солтүстігінде жаңбыр жауады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қазгидромет ақпаратынша, батыс облыстарына жауын-шашын әкелген атмосфералық ағымдар шығысқа қарай ығысады. Соның әсерінен солтүстік өңірлерде жаңбыр жауады.
"Қазақстанның қалған аймағында ауа райы жоғары атмосфералық қысымның ықпалында болады. Сондықтан мұнда күн ашық, оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығыста температура көтеріліп, солтүстік пен орталық облыстарда күн аздап суытады деп болжануда", — делінген хабарламада.
Қазгидрометтің мәліметінше, қыркүйектің үшінші онкүндігінде елдің солтүстік бөлігінде күн суытып, түнде үсік жүреді, жаңбырдың соңы жабысқақ қарға ұласады.
Синоптиктер қыркүйек айында қар жауып, аяз болатынын айтты
Басқа күндері ауа температурасы аз уақытқа көтеріледі: солтүстікте күндіз 15…25 градус, оңтүстікте 23…30 градусқа дейін болады.
Сөйтіп, қыркүйекте орташа ауа температурасы Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарында нормадан 1°С жоғары, ал Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында нормадан 1°С төмен, ал басқа өңірлерде норма шамасында болады деп болжанып отыр.