АСТАНА, 1 қазан — Sputnik. Америкалық жігіт тұмса табиғат аясында үйленуге ұсыныс жасап, сүйіктісі екеуі өлім аузынан қалды.
Романтик Джошуа Мейсон Кэти Дэвиске үйленуге ұсыныс жасау үшін адам өркениетінен оқшау жер іздеп, Колорадо тауын таңдайды, деп жазады Skynews.
Мейсон мен Дэвис Джаспер шыңына шығып, жігіт ұсыныс жасағаннан кейін, қыз қуана қабылдайды. Бірақ кеш қарайып, қос ғашық адасып кетеді. Қас қылғанда, өздерімен бірге жылы киім, ас-су алмаған екен.
27 жастағы Мейсон мен 28 жастағы Дэвисті бірнеше күннен соң туристер тауып алыпты. Қыз бен жігіт әл үстінде жатқан.
Туристер оларға су беріп, тамақтандырып, жылынып алуға шатырларына кіргізеді. Топтағы әйелдің бірі қос ғашықтың денсаулығына алаңдап, көлігіне қайтады, содан соң ұялы байланысқа шығу үшін қаншама қашықтықты жүріп өтеді.
Сөйтіп, Джошуа Мейсон мен Кэти Дэвис аман-есен құтқарылды, денсаулықтарына еш қауіп жоқ.