АСТАНА, 29 маусым – Sputnik. ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов сынақ кезінде болған ғашықтық хикаясы немен аяқталғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Айта кетсек, бұған дейін Мерей есімді астаналық түлек Ұлттық тестілеу орталығына хабарласып, жүрегін жаулап алған Арай есімді қызды іздеп жүргенін айтады. Бозбала шымкенттік қызбен Астанадағы сауда орталығында танысқан, бір-ақ сол жолы нөмірін ала алмапты. Осыдан кейін Мерей елордаға қонақ болып келген қызды қалай да табуға тырысады. ҰБТ-ның онлайн-трансляциясы ғашығын іздеген Мерейге біраз септігін тигізеді. Жас жігіт ҰБТ тапсырып отырған оқушы қызды танып, ұлттық орталыққа хабарласқан. Орталық қызметкерлері түлекке көмектесуге уәде берген еді.
"Біздің білуімізше, олар бірін-бірі тапты. Бірақ әрі қарай не болғанынан хабарсызбыз", — деді Әлімқұлов баспасөз мәслихатында.
Ол екі түлектің ҰБТ-да қанша балл жинағанын айтуға құқығы жоқ екенін айтты.