ШЫМКЕНТ, 29 қыркүйек — Sputnik, Жансая Тәуекелқызы. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Шымкентке жасаған сапары аясында шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өткізіп, мегаполисте алдағы уақытта атқарылуы тиіс жұмыстар туралы нақты тапсырмалар берді, деп хабарлады Sputnik Қазақстанның өңірдегі тілшісі.
Кеңесте президент тағайындалғанына көп уақыт бола қоймаған Шымкент әкімінің баяндамасын тыңдаудан гөрі нақты жұмыс жоспарларын айтуды жөн санады.
"Шымкент Қазақстанның үшінші мегаполисіне айналды. Бір миллионнан астам халқы бар. Соған байланысты облыстан бөлек шығып, орталыққа айналатын шаһар болды. Шымкент Алматы, Астана сияқты өзінің даму моделінің мүмкіндіктерін іске асыруы тиіс. Сондықтан Шымкенттің болашақ стратегиясын анықтау керекпіз… Шымкент – Орта Азияда қуатты, жайлы әрі тартымды мегаполиске айналуы тиіс", — деген президент қаланы халқының саны жағынан екі жарым есе көп Ташкент қаласымен салыстырып өтті. Айтуынша, Шымкентте адам басына шаққандағы жалпы ішкі өнім екі есеге көп.
Бұдан өзге Нұрсұлтан Назарбаев халықтың ыңғайлы өмір сүруі үшін жағдай жасау басты назарға алынуы қажеттігін атап өтті. Қаланың инфрақұрылымын дамыту, жолдар мен тұрғын үй санын арттыру жұмыстарын қарқынды жүргізу туралы қала басшылығына тапсырма берді.
"Қалада бұған дейін де қолжетімді баспана салу бойынша біраз шаруа атқарылды. Қала жыл сайын өсіп келеді. 2025 жылға дейін тұрғындар саны 1 миллион 300 мыңнан асады деген болжам бар. Сол үшін мектеп, аурухана, балабақша санын арттыру керек",-деді Елбасы.
Назарбаев Шымкент қаласын халықаралық деңгейдегі іс-шаралар өткізетін орынға әзірлеу керектігін де атап өтті.
"Алматы, Астана қалаларында небір халықаралық шаралар өтіп жатыр. Енді оларды бері қарай ауыстыру қажет. Ол үшін тиісті ғимараттар керек. Шымкент Астана сияқты емес, жыл он екі ай құрылыс жүргізуге болады. Яғни, Шымкент халықаралық деңгейдегі шараларды өткізетін аренаға айналуы тиіс",-деді Нұрсұлтан Назарбаев.