АСТАНА, 28 қыркүйек — Sputnik. 2000 жылдардың ортасынан орын алған бэби-бум мен өмір сүру ұзақтығының ұлғаюы еңбек нарығына қосымша жүктеме әкеледі. Бұл туралы бүгін ҚР премьер-министрінің орынбасары Ерболат Досаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Қазақстанның үшінші жаңғыруы аясында экономикалық өсімнің жаңа моделі айқындалды. Ол экономиканың әртараптандырылуына, жеке сектордың көш бастаушы рөлі мен еңбек өнімділігін арттыруға негізделген. Экономика салаларында еңбек өнімділігін кем дегенде 50 процентке арттыру күтілуде", — деді Досаев мәжілісте өтіп жатқан "Жұмыспен қамту саласының проблемалары мен даму перспективалары" парламенттік тыңдауында.
Ол болашақта цифрландыру мен жаңа технологиялардың дамуына байланысты жұмыс күшіне жаңа талаптар қойылатынын атап өтті.
13 тастанды балаға қақмор болған отбасы қиындыққа тап болып отыр
"Біз жаңа технологиялардың дамуымен және цифрландырумен ұштасатын қазіргі заманғы жаһандық өзгерістерді ескеруіміз қажет. Жаңа жағдайларда жұмыс күшінің сапасы мен біліктілігіне жаңа талаптар қойылатын болады. Ескі кәсіптер өзгеріп, тіпті жоғалып, болашақта жаңа кәсіптер пайда болады деген болжам бар. Салалар да өзгеріске ұшырайды, өндіруші салаларға жұмыс күшінің ағыны көбейеді", — деді үкімет басшысының орынбасары.
Сондай-ақ ол жаһандық өзгерістермен қатар ішкі өзгерістер де орын алатынын айтты.
"Өмір сұру ұзақтығының ұлғаюымен қатар, 2000 жылдардың ортасынан орын алған бэби-бум еңбек нарығына қосымша жүктеме әкеледі. Осылайша, бір жағынан, нарық талаптарына сәйкес келетін өндіруші жұмыс орындарын құруды қамтамасыз ету, екіншіден, сұранысқа ие білікті кадрларды даярлау қажет. Бұл үкімет пен облыс, республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің алдына қойылған ортақ міндет. Бұл міндетті шешудің негізгі құралы жаңа нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы болып отыр", — деді Досаев.