АСТАНА, 16 қыркүйек — Sputnik. Адам бірінші кезекте өзгенің шығармашылығын қызғанады. Яғни қолында жоқ, бірақ өзгеде бар нәрсе өзінде де болғанын қалайды. Сондай-ақ, көреалмаушылық сезімі адамды түрлі ауруға шалдықтыруы мүмкін. Бұл туралы толығырақ психоаналитик Жанар Оспанова айтып берді.
Көреалмаушылық дегеніміз — адамның өзгелердің жетістігі мен шығармашылығына қызғанышпен қарауы. Әдетте бұл сезімнің құрсауында жүрген адамдар үнемі өздерін өзгелермен салыстырып, материалдық немесе материалдық емес бір нәрсені иеленуге тырысады.
Десе де бұл сезімді кез келген адам ұлты мен жынысына, мінезі мен темпераментіне қарамастан бастан кешіруі мүмкін. Мамандар уақыт өте келе бұл сезімнің адам бойында азая түсетінін айтады. Әсіресе, 18-25 жас аралығында көп болып, 60-қа таяған шақта азаяды екен.
Бұл сезімнің адам бойында пайда болу себебі оның тарихында жатыр.
"Көреалмаушылық сезімі кез келген адамның бойында болуы мүмкін. Яғни адам өзінде жоқ нәрсені өзгеден көрген кезде қызғанышқа бой алдырады. Әдетте кедей байды қызғанады. Осы тұста алғашқысының қызғанышы кейінгісін жамандау арқылы көрініс табады. Мысалы, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы төмен азаматтар "Байлар ақшаны өз күштерімен тапқан жоқ, біреуден пара алған болар" немесе "Байлық адамды құртады" деп жиі айтады. Шын мәнінде, бұлай дейтін адамдар басқаларды көреалмай жүр. Ең қызығы, осы сөздерді айтып отырған адам баю үшін еш әрекет жасамайды. Оның әртүрлі себебі бар", — деді психоаналитик Жанар Оспан.
Психоаналитик: әйел бірінші орынға күйеуін, кейін ғана балаларын қоюы керек
Біреуді қатты көреалмай отырғанын жасыратын адамдар түрлі ауруға шалдығады. Өйткені, олар жағымсыз эмоцияны сыртқа емес, ішіне жібереді. Сондай-ақ, физиологиялық дене бітіміне қарай әйелдер ер адамдарды, ал ер азаматтар керісінше нәзік жандыларды қызғанады. Алайда бұл қызғаныш бейсаналы деңгейде жүзеге асады. Адам саналы түрде бойында мұндай қызғанышының бар екенін білмеуі мүмкін.
"Кейде ата-аналар балаларын қызғанып қалулары мүмкін. Өйткені, баланың болашағы алда және ол қазірдің өзінде үлкен жетістікке жетіп отыр. Керісінше балалар да ата-анасына қызыға қарап, оларда бар ақша, дәреже сындыларға келгенде көреалмаушылық танытулары мүмкін", — деді психоаналитик.
Яғни бұл да көреалмаушылық көрініс табатын жағдайлардың бірі.
Әдетте көреалмаушылықтың екі түрі болады. Олар — конструктивті және деструктивті көреалмаушылықтар. Алғашқысында адам осы көреалмаушылық сезімін жақсы жақта пайдаланып, өзгелерден асып түсуге тырысады. Өзін жан-жақты дамытып, жетістіктерге жетеді. Ал кейінгісінде бойындағы көреалмаушылық сезімін жеңе алмай қиналады. Бар жағымсыз эмоцияны ішінде сақтап, қауіпті ауруға шалдығады. Тіпті, өзін құртып жіберуге дейін баруы мүмкін.
"Мелани Кляйн есімді психоаналитик осы тақырып төңірегінде көп зерттеу жүргізген. Ол сәби шақта болған жағдайлардың барлығы адамның ересек кездегі өміріне әсер ететінін айтады. Мұны анализ кезінде де байқауға болады. Мысалы, көп жылдан бері емделіп жүрген клиент аналитігіне "Мен мүлдем жазылмадым. Көп уақыт өтсе де, өмірімде еш жақсы өзгеріс болмады" деп айтуы мүмкін. Яғни клиенттің өзін емдейтін маманға деген көреалмаушылығы осылай көрініс табады. Кляйн осы тақырыпты терең зерттей келе бұл сезімнің түп-төркінін сәбидің ана сүтіне деген қызғанышымен байланыстырды", — деді ол.
Ал, Сіз құрметті оқырман, бұл сезімге қатысты не дейсіз? Өзгелердің шығармашылығы мен жетістігін қызғанған кезіңіз болды ма?