Психоаналитик қандай адамдардың несие алуға құмар болатынын айтты

CC0 / nattanan23 / Ақша
Ақша - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Несиеңіз бар кезде сіз біреуге қарызсыз. Мысалы, анаңызға сүті үшін, әкеңізге берген тәрбиесі үшін дегендей. Адам іштей осы қарызды өтемедім деген оймен банкке қарыз болуды жөн көреді, дейді Құдиярова

АСТАНА, 9 қыркүйек — Sputnik, Қарлыға Бүйенбай. Қазақстандық психоаналитик Анна Құдиярова Sputnik тілшісіне берген сұхбатында қандай адамдардың несие алуға құмар екені туралы әңгімеледі. Сондай-ақ, маман кедейлікке неліктен және қандай адамдардың душар болатынына тоқталды.

- Адамның либидосы мен табыстылығының, бай болуының арасында қандай байланыс бар?

Денис Тен - Sputnik Қазақстан
Қоғам
"Өлімге құштарлық". Адам өмірден өтетін күнін өзі таңдайтыны рас па?

— Либидо дегеніміз — әрбір адамның жан-дүниесіндегі күш-қуат. Ал күш-қуаты көп адамның ақшаны көп табатыны айтпаса да түсінікті. Яғни адамның қалтасының қалыңдығы оның күш-қуатымен пара-пар.

Анықтама: Либидо сөзі латын тілінен аударғанда "нәпсіқұмарлық", "қалау", "құштарлық", "талпыныс" сынды мағыналарды білдіреді. Ол — Фрейд ойлап тапқан психоанализдегі негізгі түсініктердің бірі. Психоаналитик либидо мен Платон эросын теңестіріп, "сүйіспеншілік пен махаббат" аясына кіретіннің барлығын қамтыды: өзін жақсы көру (нарциссизм), ата-ана мен балаға деген махаббат, адамзатты сүю, жыныстық махаббат және т.б.

Фрейд "либидо" терминін психологиялық ауытқулар мен невроздың пайда болу себебін түсіндіру кезінде пайдаланған. Сондай-ақ, адамның психикалық дамуын, оның ғылыми, көркем саладағы жетістіктерін және сублимацияны сипаттау үшін қолданған.

- Қазақта адам түсінде нәжіс көрсе, "бай боласың" деп ақшамен байланыстырып жатады. Алғашқы даму кезеңдерінде болған жағдайлар адамның ересек шақтағы өміріне қалай әсер етеді?

— Бұл тек қазақта емес, басқа халықтарда да бар. Ата-анасы баласының нәжісін көргенде "бұл жаман" деп өсіретін болса, кейін бұл баланың ақшаға қарым-қатынасы дәл осындай болады. Бұл жерде символикалық байланыс болып тұр. Яғни кедейліктің бір себебі осы. Ал керісінше бала нәжіс бөліп шығарғанда, "неткен тамаша, сен жақсы екенсің" ғой деп мақтайтын болсаңыз, бұл бала ересек шақта "ақша қолдың кірі" деген пікірден аулақ болады. Ақша көп нәрсеге мүмкіндік беретін, жол ашатын нәрсе деп ойлайды.

- Көбінесе алдыңғы буын "Ақша адамды құртады" деп жатады. Адамдардың осылай деуіне қандай да бір тарихи факторлар әсер ете ме?

— Алғашқы буын мен қазіргі ересек буын кеңес заманында, коммунизм кезінде тәрбиеленді. Ал коммунизм кезінде адамдардың ақшаға деген көзқарасы бөлек болды. Ол кезде жақсы оқысаңыз, балабақша, мектеп, университет, жұмыс және пәтер дайын еді. Сізге қойылатын бір ғана талап — тек жақсы оқу. Дәлірек айтсақ, тәуелді болып, бастықтың, мұғалімнің айтқанын істеуіңіз керек болатын. Барлығы үшін үкімет пен партия жауап берді.

Кеңес кезінде 250 миллион адамның бәрі бала, ал үкімет пен партия ата-анасы секілді болды. Қазір капиталистік нарық заманында әр адам жетім бала секілді болып қалды. "Тек менің айтқаныммен жүр" дейтін әке-шеше жоқ. Сол себепті тәуелсіз адам қандай жағдай болса да, күн көріп, еңбектенуден еш қорықпайды.

Мұнымен қатар, көп қазақ кеңес кезінде "Біз өзбек емеспіз. Олар секілді сауда жасамаймыз" деген көзқараспен өмір сүрді.

- Адамдардың несие алуының себебі неде?

— Бұл — тәуелділік және патология. Несиеңіз бар кезде сіз біреуге қарызсыз. Мысалы, анаңызға сүті үшін, әкеңізге берген тәрбиесі үшін дегендей. Адам іштей осы қарызды өтемедім деген оймен банкке қарыз болуды жөн көреді. Яғни өз өмірін қарыз бен парызсыз еш елестете алмайды.

- Керісінше "бала менің жағдайымды әке-шешем дұрыс жасамады, яғни маған ата-анам қарыз" деп банктен несие алуы мүмкін бе?

Әмиян - Sputnik Қазақстан
Экономика
Қазақстандықтар кредитке 15 миллион доллар қарыз болып қалған

— Бұл жағы да бар. Өйткені, біздің бейсанамызға кімнің-кімге қарыз екені бәрібір. Әйтеуір "қарыз" деген түсінік бар. Кімнің кімге қарыз екені екінші мәселе. Жиі несие алатын адамдарды аяуға болады. Оларда қаржылай сауаттылық жоқтың қасы болып тұр. Банк ұсынған келісімшартты оқымайды, оқыса да түсінбейді. "Бастысы қазір алсам болды" деп сәби деңгейіне түсіп кетеді. Несие көп алатын адамның ересек жағы ақсап тұр. Осы туралы да ойлануымыз керек.

- Бала қанша жастан бастап ақшаның не екенін түсіне бастайды? Оларда ақшаға қай кезден бастап үйреткеніміз жөн?

— Бала кішкене күнінен ақша деген сөзді түсінбесе де, оның құны бар нәрсе екенін сезеді. Көз жеткізу үшін балаға ақша мен құры қағаз беріп көріңізші. Жәй қағазды жыртып тастауы мүмкін, бірақ ақшаны сақтап қалады. Бұл оның ақшаның мәнін түсініп қалғанын білдіреді. Мүмкіндігінше ерте үйреткен дұрыс дер едім.

- Осы ақша тақырыбына арналған авторлық тренингіңіз бар ма? Жалпы қаржы тапшылығын көріп жүрген адамдарға қандай кеңес беретін едіңіз?

— Елімізде ақша тақырыбына қатысты әртүрлі тренинг өтіп жатады. "Сіз ақшаны, ал ақша сізді жақсы көреді" атты авторлық тренингім бар.

Әр адам бай болғысы келсе, осы ақшамен байланысты қиындықтарын шешіп алуы керек. Әрине, көп адам саналы түрде ақшаға құмар. Бірақ бейсаналы кедергілер өте көп.

Бір мысал келтірейін. Бүгінде өз саласында профессор атанып үлгерген пациентімнің қолында ақша тұрмайды. Табысы жоғары болғанымен, ақырында немерелеріне беріп қояды немесе т.б. жолмен жұмсап жібереді. Қанша дәулетті болса да пойызбен жүреді. Осы кісінің тарихын зерттей келе 4 жасында анасының дүкенге жіберген күнін есіне түсірді. Ол кезде 5 сом деген керемет ақша болатын. Бастықтың қызы болғандықтан, үйінде сондай ақша болған. Жаңағы ақшаны алып дүкенге бара жатқанда қолындағы ақшасы құйынмен ұшып кетеді. Бүгінде миллиондап ақша тапса да, өзін капиталист ретінде сезінбейді. Ақшаны тым жылдам құртып қояды. Яғни бала күніміздегі осындай жағдайлар ересек шағымызда табысты болуымызға әсер етеді.

- Сұхбатыңыз үшін рахмет! Сау болыңыз!

Жаңалықтар
0