ШЫМКЕНТ, 12 қыркүйек — Sputnik, Жансая Тәуекелқызы. Шымкентте 3 жастағы бүлдіршін анасымен бірге дәмханада тамақтанып, жұқпалы аурулар ауруханасына түскен. Бірақ, көп ұзамай бүлдіршін жан сақтау бөлімінде көз жұмды.
Уланған бүлдіршінді ауруханаға туыстары алып барған
Сенбі, 8 қыркүйек күні Әмина Өтегенова қызымен бірге қаладағы дәмханалардың біріне түстенуге барады. Сүт және банан коктейлін ішіп, пиде жейді. Жексенбі күні таңғы сағат шамамен 06.30-да тоқтаусыз құсып, мазалары қашады. Жедел жәрдем шақырғанымен, ақ халаттылар сағат 10-да келіпті. Әйел жұқпалы аурулар ауруханасы жатады. Бүлдіршінді де аурухана жатқызбақ болғанда, келіншектің анасы қарсылық танытады. Араға бірнеше сағат өткен соң бүлдіршіннің тағы мазасы қашып, жедел жәрдем шақырады. Бұл кезде дәрігерлер оны ауруханаға алып барудың қажеті жоқ деген екен. Бірақ сағат 16.30 шамасында үйіндегілер бүлдіршінді ауруханаға өздері алып барады. Бұл туралы марқұмның анасы Әмина Өтегенова Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
"Қызымды ауруханаға жатқызу үшін құжаттарды рәсімдеп, тамызғыш дәрі қоямын дегенше кешкі жеті жарым болды. Таңғы жетіде қызымның дене қызуы 35,8-ге түсіп кетті. Оған дейін тек құсып жатқан. Реаниматолог келіп, тағы бір дәріні қойды. Кешкі жетіде тағы дене қызуы түсіп кетті, аяқ-қолы мұздай бастады. Кезекші дәрігер ыстық шай беріп, денесіне жылытқы басу керек деді. Қызымның тыныс алуы қиындап кетті. Реаниматологты шақырып, жан сақтау бөліміне алып кетті. Кейін бүйрегі мен жүрегі тоқтап, қайта тірілту шараларын жасайды. Екінші рет қайталағанда қызымның жүрегі шыдамапты. Тұжырымдамада қызымның бас миы іскен, септикалық шок және сепсис деп жазған. Олар сепсисті, қанның зақымдануын қайдан шығарды? Олардың қан талдамасы дайын болып үлгерген бе?" деп жазған келіншек дәрігерлер бұл суыт хабарды сағат 00.15-те хабарлағанын атап өтеді. Ал кейін белгілі болғандай бүлдіршін сағат 22.40 шамасында қайтыс болған екен.
Жерлеу рәсімінен кейін тоғыз адам көз жұмды
Марқұм бүлдіршіннің денесі туыстарына түнгі үштер шамасында берілген. Оның өзінде ақ халаттылар анасына дәрігерлерге шағымым жоқ деп қолхат жаздырып алған.
"Денені алу үшін ешқандай шағымым жоқ деп жазып беруім қажеттігін айтты. Өлім себебін анықтау үшін денесін кесуге бергім келмеді. Нәтижесі шынайы болатынына сенбеймін" деп ашынған келіншек.
Тексеру жұмыстары жүріп жатыр
Перзентінен қапелімде айырылып, қара жамылған ана бұл жағдай бойынша құзырлы органдарға шағым түсіргенін хабарлады. Қазіргі таңда қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында тексеру жұмыстары жүріп жатыр.
"Дәрігерлер баланы аман алып қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Бірақ уақыт жоғалған. Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментімен бірлесе аталған жайт бойынша қосымша тексеру жұмыстары басталды. Тексеру нәтижесі қосымша хабарланады",-деді Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіндегілер.