АСТАНА, 12 қыркүйек — Sputnik. Қазақстандық боксшы XXI ғасырдағы орта салмақ дәрежесі бойынша ең үздік боксшылар тізіміне енді. Сондай-ақ, ол осы тізімде көш бастаған үштіктің құрамына кірді. Үздік ондықты ESPN басылымының журналисі Нейджел Коллинз жекпе-жек қарсаңында құрастырды.
Коллинз әлі жеңіліп көрмеген қазақстандық спортшыны орта салмақтағы абсолют чемпион Бернард Хопкинстан кейінгі орынға жайғастырды. Сондай-ақ, Головкин нысанаға дәл тиген соққыларының саны бойынша бәрінен алда келеді.
"Головкин америкалық жанкүйерлердің жүрегіне жылдам жол тапты. Оның танымалдылығы әр жеңісінен кейін өсе берді. Көпшілікке сыпайы мінезі, ағылшын мәнерінде сөз саптауы және жиналған қауымға әрдайым "биг драма шоу" көрсеткісі келетіндігімен ұнап жатты", — деп жазды Коллинз.
Үштікті Головкиннің қарсыласы Сауль "Канело" Альварес бекітті. Коллинздің пікірінше, мексикалық "Канело" бұл жолы рингте жылдам қозғалып, өзінің фирмалық айла-тәсілдерін қолданатын болса, қазақстандық боксшыға айтарлықтай қиындық тудырады.
Канелоның бапкері Головкинге тағы да тіл тигізді
GGG мен Альварестің келесі жекпе-жегі 15 қыркүйек күні Лас-Вегаста сағат 19:00 мен 19:30 аралығында өтеді. Ал қазақстандықтар бұл жекпе-жекті 16 қыркүйек күні, таңғы сағат 08:00 мен 08:30 аралығында тамашалай алады. Спортшылар WBA (Super), IBO және IBF белбеулері, орта салмақта әлем чемпионы атағы және The Ring журналының чемпиондық белбеуі үшін жұдырықтасады.