АСТАНА, 12 қыркүйек — Sputnik. Астанада Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың төрағалығымен кезекті хаттамалық жиналыс өтіп, дін қызметкерлерін әлеуметтік қолдау, оларды жалақымен қамтамасыз ету мәселелері қаралды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан ҚМДБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚМДБ төрағасы Серікбай Сатыбалдыұлының шешімімен 100 имамға 50 мың теңге мөлшерінде жалақы берілетін болды. Айлық мүфтият жанындағы "Қазақстан қажылық қоры" есебінен төленеді.
"Елімізде 2058 ауылдық мешіт бар. Оның басым бөлігі — өзін-өзі қаражатпен қамтамасыз ете алмайтын мешіттер. Ауылда айлықсыз қызмет ететін дін қызметкерлерін толықтай жалақымен қамтамасыз ету жоспарымызда бар. Алғашқы кезең бойынша 100 ауыл имамына "Қазақстан қажылық қоры" есебінен 50 мың теңге айлық беріледі. Осылайша, имамдардың әлеуметтік мәселесін кезең-кезеңімен шешуді көздеп отырмыз", — деді бас мүфти.
Бұдан бөлек, "Уақып" қайырымдылық қоры да 300-ден астам дін қызметкеріне орта есеппен 50 мың теңге қаржылай қолдау көрсетіп келеді.
Имам үшінші жары етіп 11 жастағы қызды алды
ҚМДБ ақпаратынша, республикада 2605 мешітте 6189 адам қызмет етеді. Оның 4 мыңға жуығы — дін қызметкері. Жалпы дін қызметкерлерінің 30 проценті ғана жалақымен қамтылған.