АСТАНА, 10 қыркүйек — Sputnik. Жуырда Ninety one тобы үш жылдық мерейтойларын атап өтіп, еліміздің 16 қаласында концерт берді. Алматыдағы кешке келген ата-аналардың бірі өзінің аталған топты ерекше жақсы көретінін әрі осы топтың арқасында балаларының жақсы тәрбие алып жатқанын айтып өтті, деп хабарлады Sputnik Астана арнасының "Ел аузында" бағдарламасына сілтеме жасап.
Ұстаз Ninety one тобының шығармашылығына алғашқы күннен бері таңдана қарағанына тоқталды.
"Ninety one тобы алғаш шыға салған күннен бастап біз үшін қызық әрі жұмбаққа толы болды. Олардың образдары мен әндері ерекше ұнайды. Жігіттер алдыларына қойған мақсаттарына жете біледі және продюсерлері де тамаша адам. Оларды көп уақыттан бері білеміз", — деді ол.
Әрі қарай ұстаз өзінің де бұл топтың ерекше жанкүйері екенін айтып өтті. Осы күнге дейін болған барлық концертіне барған екен.
"Менің қызым бұл топқа жанкүйер болуға өзге жастарды да шақырды. Яғни өзімізді eaglez-дар қатарына жатқызамыз. Бұл топқа қатысатын барлық шарадан қалмаймыз. Өзім №34 мектеп-гимназияда жұмыс істеймін", — деді ұстаз.
Жанкүйерлер топтың концертіне құры қол келмейді. Барлығының қолында сыйлық бар. Балаларымен бірге жанкүйер болып жүрген ұстаз топтың бала тәрбиесіне қалай әсер ететініне тоқталды.
Ninety one әншісінің ата-анасы Сәкен мен Мейрамбекке ашық хат жазды
"Ninety one әндерінің арқасында балам қазақ тілін біледі. Сондай-ақ, осы жігіттердің арқасында қызымның шығармашылығы өте жақсы дамып келеді. Себебі, суреттері осы топ жігіттеріне арналған. Көптен бері сурет салып, оларға шетінен сыйлап жатырмыз. Бірге апарып берген күндеріміз де болды. Бүгін де әрбір солиске сыйлық әкеліп тұрмыз. Арасында қолдан жасалған сыйлықтарымыз да бар", — деді ата-ана.