АСТАНА, 7 қыркүйек — Sputnik. Жеті жасар Арсений Реснянский алғашқы қоңыраудағы ерекше биімен Желіде дүйім жұртты таңғалдырған еді.
Оның би билеп, оқушылар алдында өнер көрсетіп жатқан ұжымға қолдау көрсеткен сәті түсірілген видео бірнеше сағатта Желіні "жарған" болатын. Instagram-да жарияланған видео осы уақыт ішінде 85 мың рет қаралды.
Баланың анасы Елена Реснянская ұлының осы бір ерекше қылығына ұстаздары не дер екен деп қатты уайымдаған көрінеді.
"Ол өте сезімтал бала және әртістік қабілеті бар, оның бұл мінезі маған үйреншікті болғанымен, бәлкім, мектептегі жиында олай етуге болмайтын шығар деп уайымдадым. Бірақ ұстазы да онымен бірге билеп тұрды", — дейді Реснянская Sputnik агенттігіне берген сұхбатында.
Арсений Павлодардың оқушылар сарайында вокал сыныбына барады, алғашқы қоңырауда ән айтуы тиіс болатын. Балақай сахнаға шыққанша асық болыпты әрі биші қыздарды да жақсы біледі екен, сөйтіп, оларға осылай қолдау көрсеткен.
"Жұрттың жағымды пікір қалдырғанына қатты таңғалдым, дән риза болдым. Бәрі қалжыңдап, қайда тап болғанын түсінбей, мәз болып тұр дейді. Бірақ олай емес, лицейдегі сыныпта оқитынын жақсы біледі. Мектепті жақсы көреді, көп баламен достасып алды", — дейді Арсенийдің анасы. – Келесі күні мектепке барғанымызда, бәрі амандасып жатыр, атын біліп тұр. Ұстаздары да қолдау көрсетті: "Арсений, жарайсың! Осы беттен тайма!" Бәрі жақсы қабылдады".
Еленаның өзі айтқандай, ұлы желідегі видеоға сабырмен қарап, "жұлдыз ауруына" шалдықпаған екен, тек ата-анасынан YouTube арнасын ашып беруді сұрапты.
"Арна ашуды бұрыннан сұрап жүрсе де, рұқсат бермеген едік, енді соның орайы келіп тұрған шығар", — дейді Елена. Бірінші ролик, әлбетте, сол күнгі алғашқы қоңырауда түсірілген видео. Бірақ бұл — толық нұсқасы, сапасы да жақсырақ.
"Осынша танымалдыққа ие болуы баланың емін-еркін, ақжарқын мінезінен шығар. Көрерменге жағынайын деп емес, табиғи жайсаң күйінде болды. Сахнаға шығатынын біліп тұрды, бірақ еш қобалжыған жоқ. Балалардың бұл қасиеті ересектерде жоқ, біз қысылып-қымтырыламыз, ал ол эмоциясын жасырмайды. Бәлкім, сол себепті көпшіліктің көңілінен шыққан болар. Осы бір мінезінен айырылмаса дейміз", — деп ойымен бөлісті Елена Реснянская.
Бірінші қыркүйек баланың жадында мәңгі сақталатынына анасының күмәні жоқ. Видео отбасылық архивте міндетті түрде қалады, дейді ол.