АСТАНА, 5 қыркүйек — Sputnik. Қазақстанда ұшақ бортында темекі тартқаны үшін берілетін жаза қатаңдатылуы мүмкін. Бұл туралы бүгін инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін мәжілістің жалпы отырысында "Халықаралық азаматтық авиацияға қатысты заңсыз актілерге қарсы күрес жөніндегі конвенцияны ратификациялау туралы" заң жобасы қаралды. Заң жобасын талқылау барысында депутат Михаил Черков әлем елдерінде ұшақта шылым шегетіндерге қатысты қолданылатын жаза түрлерін мысалға келтіріп, Қазақстанға жазаны қатаңдату бойынша қандай өзгерістер қарастырылып жатқаны туралы сұрады.
"Конвенцияның 1-бабында әуе кемесін жойып жіберетін немесе басқа да ауыр салдарға әкелетін қылмыс белгілері қарастырылған. Менің ойымша, бұл тізімге әуе кемесінің бортында темекі тарту секілді заң бұзушылықты да енгізген жөн. Өйткені ол ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Біздің заңнамаға сәйкес, темекі тартқаны үшін 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады немесе 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылған. Ал басқа елдерде жаза түрі басқа. Мәселен, Канадада жолаушылар ұшағында темекі тартқаны үшін 5 мың долларға дейін айыппұл салынады немесе түрмеге қамалады. Ұлыбритания соты 2017 жылы ұшақ бортында темекі тартқан жолаушыны 9,5 жылға соттады. Бұл мысалдардың бәрі ұшақ бортында шылым шегудің қаншалықты қауіпті екенін көрсетеді. Ал бізде әуе кемесінің бортында темекі тартатындарға қатысты жазаны қатаңдататын өзгерістер көзделіп отыр ма?" — деп сұрады мәжілісмен Қасымбектен.
Әйел екі жасар баласын өртеп жібере жаздады
Министр әуе компанияларымен бірлесіп, темекі тартқаны үшін жазаны қатаңдату бойынша ұсыныстар енгізілуі мүмкін екенін айтты.
"Ұшақ бортындағы осындай заң бұзушылықтардың алдын алу бойынша халықаралық тәжірибе, шынымен, әртүрлі. Біз шамамен 2-3 жыл бұрын авиациялық заңнамаға түзетулер мен өзгерістер енгіздік. Темекі тартатындарға қарсы жазаны күшейттік — 15 тәулік немесе 200 АЕК мөлшерінде айыппұл. Біз қазір әуе компанияларымен бірге қатаңдату мәселелерін белсенді қарастырып жатырмыз. Жазаны күшейтуге қатысты ұсыныстар енгізетін шығармыз. Ал сіз айтып отырған Ұлыбританиядағы жағдай бойынша, онда темекі тартудан басқа да бірқатар заң бұушылық болған. Сондықтан 9 жыл берілген ", — деп жауап берді Жеңіс Қасымбек.