АСТАНА, 1 қыркүйек — Sputnik. Бүгін мерекелік демалыс күні екеніне қарамастан, Қазақстан мектептерінде 1 қыркүйек білім күніне арналған алғашқы қоңырау соғылды.
2018-2019 оқу жылында 3 миллионнан астам оқушы Қазақстандағы 7024 мектептің табалдырығын аттады, олардың 350 мыңы – бірінші сынып оқушысы.
Биыл үш ауысыммен оқу проблемасын шешу үшін республикалық бюджеттен 110 мектеп салу үшін 53 миллиард теңге бөлінді.
Биыл 72 мектеп пайдалануға беру жоспарланса, қазірдің өзінде 49 мектеп оқушыларға есігін айқара ашты.
72 мектептің үшеуі Ақмола облысында, тоғызы Ақтөбе облысында, алтауы Алматы қаласында, біреуі Шығыс Қазақстан облысында, төртеуі Жамбыл облысында, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында үшеуден, бесеуі Қызылордада облысында, сегізі Маңғыстау облысында, жиырмасы Түркістан облысында ашылды. Алматыда жеті, Астанада үш жаңа мектеп салынды.
Сағадиев мектептерде хиджабқа тыйым салынғанын тағы бір мәрте ескертті
2015-2017 жылдары республикада 108 жаңа мектеп пайдалануға берілді.
Қазақстанның Білім және ғылым министрлігі қазақстандық мектептерді оқулықтармен қамтамасыз ету үшін күн сайын мониторинг жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Жаңа оқу жылында жаңартылған мазмұнға көшетін 3, 6 және 8 сыныптар (906,мың оқушы) үшін 12 миллионнан астам оқулық сатып алынды.
Төрт облыстың (Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан және Қызылорда) кейбір аймақтарында тасымалдаушылардың өз міндеттерін орындамауы салдарынан оқулықтар дер кезінде жеткізілмей қалуы мүмкін. Мектеп әдебиетін тасымалдау және жеткізу процесі әкімдіктер мен білім басқармалары басшыларының тұрақты бақылауында.
Оқулықтарға QR-кодтардың енгізілуі биылғы жылдың жаңалығы болды, бұл олардың электронды нұсқаларын пайдалануға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Астананың бес мектебі мен үш колледжі осы жылдан бастап пилоттық режимде латын әліпбиіне көшеді.