АСТАНА, 27 тамыз — Sputnik, Қарлыға Бүйенбай. Білім күні жақындаған сайын оқушылардың мектепке хиджаб киіп келу мәселесі толықтай шешілді ме деген сауал туындайды. Өйткені, өткен жылы Ақтөбе қаласындағы мектептерде болған даудан кейін хиджабын шешуден бас тартқан оқушылар табылған-ды. Араларында мектеп ауыстырып, басқа облыстарға көшіп жатқандар да болды. Сондай-ақ, кей оқушылардың келесі сыныпқа көшпей қалуы тағы бар.
Балабақшаға хиджабпен келетіндер бар
Сауалнама барысында оқушылар ғана емес, балабақша тәрбиеленушілерінің де мекемеге хиджаб киіп келетіні белгілі болды. Бұл туралы Астана қаласындағы балабақшалардың бірінің тәрбиешісі айтып берді. Сондай-ақ, оларға тыйым салуға құқықтары жоқ болғандықтан, бұл мәселеге көз жұма қарайтынын жеткізді.
"Біздің балабақшаға бүлдіршіндердің хиджаб киіп келетін кездері болады. Бірыңғай форма бекітілмегендіктен және бала киімін ата-ана таңдайтындықтан, қарсылық білдіре алмаймыз. Яғни ата-ананың қалауына бас иеміз. Себебі, біз қанша айтуға тырыссақ та, олар өз дегендерін істейді", — дейді Жанар Абайқызы.
Ал Нұр-Мүбәрак Мысыр Ислам мәдениеті университетінің түлегі, Зайсан ауданы орталық мешітінің ұстазы Әйгерім Үрімханова әйел қауымының хиджаб кигенін ұнатса да, балиғат жасына толмай орану қателік екенін айтады. Себебі, 12-13 жасқа дейін оқушы оң-солын танып үлгермейді.
"Хиджаб кию — Алла тағаланың бұйрығы, әйел баласына жүктеген бір парызы. Ол жөнінде толығырақ Құран кәрімнің "Нұр" және "Ағзаб" сүрелерінде айтылған. Бірақ, осы тұста оқушы қыздардың орамал тағып баруына қатысты бір мәселе туындайды. Өткен жылы еліміздің батысындағы мектептерде болған дау әлі менің есімде. Ата-аналар мектептің хиджаб киюге тыйым салуына өре түрегеліп қарсылық білдірген-ді. Біздің мүфтият хиджабты мектеп жасындағы қыздардың кимегені жөн деген көзқараста. Себебі, шариғатта "балиғат жас" деген түсінік бар. Ал осы балиғат жасқа 2 және 3-сыныптың қыздары тола қоймайды. Олар бұл уақытта небәрі 8-9 жаста болады. Қазақстанда қыздар балиғат жасқа 12 жастан бастап толады және балиғат жас дегенде адамның биологиялық жасы ғана ескерілмейді. Ол оңы мен солын танып, саналы адам ретінде жауапкершілікті алып, шешім қабылдай алатындай дәрежеге жетуі тиіс.
Тағы оқыңыз: Діни қызмет туралы заң жобасында хиджабқа тыйым салынды ма?
Оның үстіне біз зайырлы мемлекет болғандықтан, хиджабты қыз бала өз таңдауы өзінде болып, университетке барған шағында да тақса болар еді. Сондай-ақ, Құран кәрімде Алла өз арамыздағы басшыларды тыңдауды парыз еткен. Ал біздің басшыларымыз — Елбасы мен мүфтият. Олар қандай көзқараста болса, біз де сол таңдауды құптаймыз. Енді міне жаңа оқу жылы келе жатыр. Алдымызда қандай тосынсый күтіп тұрғанын білмейміз. Бірақ, осы тұста әрқайсымыз биліктің біздің дінімізге ешқандай да қарсы еместігін білуіміз керек. Себебі, бұл орамалға тыйым салу мәселесі тек мектеп аясында талқыланып жатыр және оның нақты себептері бар. Осы күнге дейін университтерде хиджаб киюге тыйым салмаған. Құдайға шүкір, діни дәрістер өткізуге де шектеу қойып жатқан жоқ. Жұрт емін-еркін мешітте намаз оқып жатыр", — дейді діни қызметкер.
Балаларын неге хиджабқа орайды?
Белгілі қазақстандық психоаналитик Жанар Оспанова жан-жарасын жасырғысы келетін жандардың хиджабқа оранатынын айтады. Сондай-ақ, маман мұны вуайеризммен байланыстырды.
"Саналы түрде оқушы өз еркімен хиджаб киеді деп ойламаймын. Сол себепті, бұл мәселені олардың ата-аналарымен байланыстырған жөн. Олардың балаларына хиджаб кигізудегі ойлары қандай? Бұл ата-аналардың қараңғылығымен немесе ішкі шешілмеген қиындықтарымен байланысты болуы мүмкін. Хиджаб киетіндер "Ұят болады, әуретті жерлерді жабу керек" деп жиі айтады. Ал мұндайды әдетте (вуайерист) есіктің ар жағында не болып жатқанды көргісі келетіндер және өзінің интимдік әрекеттерін көрсеткісі келетіндер жасайды.
Сондай-ақ, өздеріне бостандық бермей, ішкі жараларын осылай жасыру мақсатында киеді. Көбінесе олардың бойын қорқыныш пен үрей билеп тұрады. Сол әйелдер мен қыздардан ата-аналарымен қандай қарым-қатынаста екенін сұрасаңыз, бір шикілік бары анықталады. Мұнымен қатар, бұл адамдар Құран Кәрімді жетік меңгерген бе деген сауал төңірегінде ойлануымыз қажет. Себебі, бұл кітапта "хиджаб ки, тұмшалан" деп жазылмаған. Ал ата-аналарға балаларының ішкі қалауын сыйлауға кеңес бергім келеді. Бала деген жекеменшік зат емес, тұлға", — дейді психоаналитик.
Хиджабқа қатысты біржақты пікір білдіріп, оған түбегейлі қарсы болғандар арасында танымал блогер, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстазы да бар. Ол оқушылардың әртүрлі болып киініп келуі ұстаздар үшін де ыңғайысыздық тудыратынын айтады.
"Оқушылардың хиджаб киюіне қарсымын. Біз зайырлы, өзіндік құқықтары мен заңдары бар мемлекетпіз. Яғни заң қандай болса, соған бағынамыз. Әркімнің өз қалауымен киінгісі келетінін түсінеміз. Бірақ бұл киімдерін мектептен тыс уақытта кисін. Ал мектеп — қоғамдық орын, білім алатын мекеме. Ол жерде отырғанның біреуі джинсы киіп келсе, екіншісі басқа нәрсе киіп келсе, бұл оқушылар арасында түсініспеушілік тудырады. Оның үстіне әртүрлі киініп отырған оқушыларға ұстаздың көзқарасы қандай болмақ? Паранжасының астында бомба жасырып келген шығар деп те алаңдауы мүмкін. Жалпы хиджаб дегенге түбегейлі қарсымын", — дейді Анар Жақсылыққызы.
"Ашық-шашық жүргенше, хиджаб кигені жақсы"
Бүгінде бес бала тәрбиелеп отырған әке Қыдырәлі Болманов керісінше оқушылардың хиджаб киюін қос қолын көтере отырып қолдайтынын жеткізді. Айтуынша, бұл қыздардың көшеде ашық-шашық жүруінен әлдеқайда жақсы.
"Адамдардың неге осы хиджабты мұнша сөз қылатындарын түсінбеймін. Біз керісінше ашық-шашық жүрген қыздардан қорқуымыз керек. Мысалы, жаз айларында далаға шығып қалсаңыз, кіндігін ашып, қысқа киім киіп алған қыздарды жиі көресіз. Керісінше солардың осылай жүрулеріне тыйым салуымыз керек қой. Сол себепті, оқушылардың хиджаб киюіне қарсы емеспін. Өйткені, қандай киім киетіні адамның жеке таңдауы, құқығы. Тәртіпті болса, ашық-шашық жүрмесе, оның несі жаман? Әрине, көзді ғана ашық қалдырып тұмшаланып алсын демеймін. Бар болғаны ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрді ескеруіміз қажет. Оның үстіне қызқа қырық үйден тыйым салып өскен қазақпыз. Сондықтан қыздардың жабық киімдер кигені әдемі деп ойлаймын. Осы әрекеттері арқылы олар жігіт қауымының көзін суырмайды, тура жолдан тайдырмайды. Меніңше, осылай жабық жүргендері өте дұрыс", — дейді продюсер.
Тағы оқыңыз: Қыдырәлі мен Қарақат біреудің мүлкін тартып алды айыпталып жатыр
Тележүргізуші Ғани Оспанбекұлы да Қыдырәлі Болмановтың сөзін қоштай түсті. Десе де, бұл мәселеге келгенде біржақты пікір білдіру қиын екенін жасырмады.
"Хиджаб мәселесіне қатысты біржақты пікір айту қиын. Жалпы жеке өз басым қарсы емеспін. Онда тұрған ешнәрсе жоқ сияқты. Бірақ 1 және 2-сыныптың қыздары хиджаб киіп жүргендерін көрсем, оларды қатты аяп кетемін. Десе де, адам дінді өзі таңдайтындықтан, мен оқушылардың да хиджаб киюіне еш қарсы емеспін", — дейді ол.
Отандық дизайнерлерге ұсыныс
Бұл орайда қазақстандық жұлдыздар отандық дизайнерлерге ерекше ұсыныс жасады. Олар хиджабты мектеп формасы ретінде киюге рұқсат беріп жатқан жағдайда оны қазақы ою-өрнектермен түрлендіргенін қалайтынын айтып өтті.
"Оқушылардың хиджаб кию мәселесін екіжақты қарастыруға болады. Бірақ, заң бәрімізге ортақ және біз толық мұсылман мемлекеті емеспіз. Оның үстіне шариғатта да бірнәрсені шектен тыс жасауға болмайтыны айтылады. Барлығы болашақтың еншісінде. Хиджаб киюге рұқсат бергеннің өзінде мен ол киімнің біздің дәстүрмен ұштасып тігілгенін қалайтын едім. Сол киімде біздің дәстүрдің ұшқыны болмағандықтан, қабылдай алмай жатқан сияқтымыз. Тым болмаса ою-өрнек салып қойса, қазақтың көңілін бір көтеріп қоятын еді. Сондықтан дизайнерлеріміздің құлағына алтын сырға дегім келеді. Хиджаб дінімізді көркем етіп көрсететіндей жасалса екен деймін. Осылай болып жатса, мен тек қуанамын", — дейді Шахризат.
Ал әнші Құрмаш Махан Қазақстан халқына діни сауаттылық жетіспейтінін атап өтті. Сондай-ақ, айтуынша, қыздардың ашық-шашық киінгенінен, хиджабпен жүргендері көңіліне жағады.
"Өкінішке орай, барлық адам бірдей діни сауатты деп айта алмаймыз. Бірақ, бәріне бірдей топырақ шашпаймын. Сондай-ақ, әр адам қалай киінгісі келетінін өзі таңдайды. Ал оған қарсылық танытқан дұрыс емес. Өйткені, ашық-шашық киініп жүрген әртүрлі қыздарды көреміз. Оларға ешкім шектеу қоймайды. Психология тұрғысынан келсек, әлемдегі беделді ғалымдар мұның адамзат үшін зиян екенін айтып отыр. Ол қыздардың денсаулығынан бұрын ер адамдар үшін зиян болмақ. Осыны екере отырып мен оқушылардың хиджаб киюіне қарсы емеспін. Әрине, шетелдегідей тұмшаланып алсын демеймін. Өз дәстүрімізге, наным-сенімдерімізге сай киінгендерін қалаймын. Оның үстіне хиджаб қыз баланы ультракүлгін сәулелерден қорғайды", — дейді ол.
Мүфтият пен білім министрлігі не дейді?
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұсылман жамағаты мен ата-аналарды оқу орындарының мектеп оқушыларының киім үлгісіне қатысты қойылатын талаптарына түсіністікпен және сабырлықпен қарауға шақырады.
"Бұл мәселені ушықтыру дұрыс емес. Өйткені елімізде орамалға түбегейлі тыйым салынбағанын түсінуіміз керек. Тек орта мектептерде киім үлгісін бірізділікке түсіру мақсатында шешім қабылданған", — дейді діни басқармадағылар.
Ислам діні балиғат жасына толмаған, санасы толық қалыптасып үлгермеген, орамал тағудың түпкі мәні мен маңызын, үкімін түсінбейтін кішкентай қыз баласына орамал тағуды міндеттемейді.
"Әрбір мұсылман қыз бала орамалдың қадір-қасиетін терең түсініп, жауапкершілігін саналы түрде сезініп, Алланың әмірін өз еркімен орындауы – басты мақсат. Мектеп табалдырығын енді ғана аттаған бүлдіршінді жаулық жабуға мәжбүрлеуден бұрын оған ең әуелі білім мен тәрбие берген абзал. Бұл – ата-ананың басты міндеті", — деген еді мүфтият.
Тағы оқыңыз: ҚМДБ жамағат тарапынан киім мәселесіне қатысты жолданған сұрақтарға жауап берді
Білім министрлігінің ұстанымына сәйкес, мектепте хиджаб пен қандай да бір дінді тікелей немесе жанама түрде насихаттайтын киім үлгілеріне тыйым салынған. Бұл шешім басқа да министрліктермен ақылдаса отырып қабылданған. Дегенмен, оқушылар мектепке дейінгі аралықта және мектептен кейінгі уақытта діни киімдер киюге құқылы.