АҚТӨБЕ, 28 тамыз – Sputnik. Айыпталушылардың адвокаттары іске қатысты тыңдауды облыс орталығы Ақтөбеге ауыстыру туралы өтініш берді. Қорғаушылардың айтуынша, Ақтөбеден 600 шақырым жерде орналасқан Ырғыз қаласына (аудан орталығына) қатынау ыңғайсыз.
Адвокаттар сот отырысының өтетін орнын өзгерту үшін облыстық сотқа жүгінді. Облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі алқасы Ырғыз ауданының судьясы қылмыстық істі Ақтөбеге барып қарасын деген шешім шығарды. Алғашқы отырыс қыркүйек айында өтеді.
Жүргізушілер Барат Таңатаров, Нұржан Қырғызбаев және Мақсат Пернекбеков өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзды, екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соқтырған көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзды деп айыпталуда.
50-ге тарта адамды құтқарған семейлік бапкердің өмірі өзгеріп шыға келді
Жүргізушілер бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Жүргізушілермен бірге механик Бахадыр Бердібаев (бұзылған автобусты бағдарға шығарды деп айыпталып жатыр) және тасымалдаушы компанияның құрылтайшысы Нұрлыбек Телепаев сот алдында жауап береді.
52 адамның өмірін қиған трагедия 18 қаңтарда "Самара – Шымкент" тасжолының 1068 километрінде болды. Қайғылы оқиға кезінде Kassbohrer Setra автобусының салонында 55 жолаушы – Өзбекстан азаматтары және қазақстандық үш жүргізуші отырған. Бес адам өртеніп жатқан автобустан шығып үлгерген, қалғандары тірідей өртеніп кетті.
Жанған автобустың жолаушы тасымалдауға лицензиясы болмаған. Сонымен қатар автобус техникалық байқаудан өтпегені анықталды.
Айыпталушылардың екеуі – Нұржан Қырғызбаев пен Мақсат Пернебеков кінәсін жартылай мойындады.