АЛМАТЫ, 20 тамыз — Sputnik. Жақсылық Омар Өскемен қаласының әкімі қызметіне тағайындалды, деп хабарлады Алтайньюс.
"Бүгін облыс әкімі Даниал Ахметов қала активіне Омар Жақсылық Мұқашұлын таныстырды", — деп жазылған ШҚО әкімі баспасөз қызметінің хабарламасында.
Жақсылық Мұқашұлы Омар 1980 жылы 28 қыркүйекте Алматы облысы Алакөл ауданы Үшарал ауылында дүниеге келген. 2001 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін тәмамдаған.
2010 жылы Шығыс Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары, бастығы болды.
2011 жылы Шығыс Қазақстан облысы мәдениет басқармасының бастығы болып тағайындалды.
2013 жылдан бастап Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, 2016 жылдың қарашасынан бастап Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Өскеменнің бұрынғы әкімі Қуат Тұмабаевтан өз еркімен жұмыстан кетуді сұрағанын жазған едік. Өңір басшысы Риддер қаласында шенеуніктердің жол-көлік оқиғасына ұшырауына байланысты осындай шешім қабылдаған.
"Оқиғаға қатысы бар шенеуніктердің ісі Әдеп кеңесінде қаралды. Сондықтан осының бәрін таразылай келе, мен Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаевқа осындай жағдайдан кейін жоғары басшылық қызметте қала алмайтынын, оған моральдық құқығы жоқтығын, өз еркімен жұмыстан кету туралы арыз жазуы керек екенін айттым. Сондықтан, алдағы уақытта облыс орталығы – Өскемен қаласында жаңа әкім тағайындалады", – деген еді Даниал Ахметов.