СЕМЕЙ, 13 тамыз – Sputnik. Танымал ресейлік тележүргізуші Андрей Малахов жанып жатқан автобустан 48 жолаушыны құтқарған Семей тұрғыны Ержан Амархановты бағдарламасына шақырды.
Андрей Малахов жүргізетін "Прямой эфир" ресейлік ток-шоуына қатысуға күрес бапкері осы аптада аттанады. Жолға және жүріс-тұрысына кететін қаражатты телеарна басшылығы өз мойнына алып отыр.
"Андрей Малаховтың бағдарламасының редакциясы хабарласып, эфирге шақырды. Келісімімді бердім, осы аптада бағдарламаға қатысуға барамын", — деп хабарлады Ержан Амарханов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Шымкент-Сарыағаш жолында автобус апатқа ұшырады
Естеріңізге сала кетсек, автобус өрті тамыз айының төртінен бесіне қараған түні болған еді. 50 жолаушы мінген Семей — Новосібір бағдарлы автобусы жолда келе жатады. Түнгі үш кезінде Ресей аумағындағы Алейск ауылына жақын жерде 37 жастағы қазақстандық бірінші болып автобус қозғалтқышының тұтанғанын сезген.
Ер адам бірден жүргізушіге хабар беріп, жолаушыларды оята бастайды. Көліктің есігі мен терезесін бұзып, адамдарды біртіндеп шығара берген. Қас-қағым сәтте көліктің іші отқа оранып, түгі қалмай жанып кетті. Семейлік жігіттің батыл іс-әрекетінің арқасында жолаушылардың бәрі дін аман қалған.
Адамдарды әуелі Барнауылға жеткізіп, кейін Новосібірге апарған. Амарханов бірнеше күн қалада болып, сол жерде елге қайту үшін құжаттарын қалпына келтіруге көмек алыпты.
Ресейге көлік сатып алуға аттанған Амархановтың бар ақшасы автобуста жанып кеткен болатын. Ресейлік автостанцияның басшылығы соманың біраз бөлігін 15 тамызға дейін аударуға уәде берді.