АСТАНА, 3 тамыз — Sputnik. Қазақстанда мектептен 300 метр аумақта орналасқан мешіттер сүріледі деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы ҚР Қоғамдық даму министрлігі Қоғамдық келісім комитеті төрағасының орынбасары міндетін атқарушы Балғабек Мырзаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Комитет кеше отандық БАҚ беттерінде жарық көрген "Қазақстанда мектепке жақын орналасқан мешіттер сүріледі" деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлайды. Өйткені елімізде 2018 жылғы сәуір айында 300 метр аумақта орналасқан барлық мешітті бұзатын ереже немесе діни ғимараттардың құрылысын регламенттейтін жаңа нормалар қабылданған жоқ. Осы жерде түсініспеушіліктің туындағаны анық. Қазіргі уақытта, қолданыстағы заңнамаларға мұқият үңіліп қарайтын болсақ, БАҚ бетінде жарияланған ақпараттың бір-бірінен алшақ кетіп жатқанын көреміз", — деді Мырзаев.
Тағы оқыңыз: Астанадағы "Алланың гүлі" атты мешітті салдырған кім?
Министрлік баспасөз қызметінің ақпаратынша, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрінің 2017 жылғы 9 маусымдағы № 89 бұйрығымен бекітілген "Діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату үшін арнайы стационарлық үй-жайлардың, сондай-ақ ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жайлардың орналастырылуын айқындау жөніндегі" нұсқаулықтың 7-тармағына сәйкес, діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жай теміржол және автовокзалдарды, әуежайлар мен порттарды қоспағанда, осы нұсқаулықтың 5-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген аумақтар мен ғимараттардан (оларға іргелес аумақтар болмаған жағдайда) 300 метрден кем емес қашықтықта орналастырылады деп көрсетілген. Бұл талап сауда орталықтарының ішінде, әуежай, сапаржай және теміржол вокзалдарында орналасқан, діни құлшылықты орындауға арналған ғибадат ету бөлмелеріне қатысты.
Ал, мешіттер немесе басқа да діни бірлестіктерге тиесілі діни ғимараттар үшін жоғарыдағы талаптар қойылмайды.
Бұл жағдай басқа нормалармен реттеледі. Атап айтқанда, ғибадат үйлерін салу ҚР Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 23 сәуірдегі № 147 бұйрығымен бекітілген "Ғибадат үйлерін (ғимараттарын) салу және олардың орналасатын жерін айқындау туралы шешім беру" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартымен реттеледі және осы стандартта 300 метрге қатысты ешқандай талап қойылмаған.
"Осы орайда, 300 метрден кем емес қашықтықта орналасу шарты тек қана діни заттарды сататын дүкендер және ғибадат үйлерінен (мысалы, мешіттер) тыс жерлерде діни іс-шараларды өткізуге арналған орындарға ғана қолданылады. Сондықтан қоғамның мешіттер немесе басқа дін өкілдерінің діни ғимараттары сүріледі деп дүрлігуіне ешқандай негіз жоқ деп сендіре аламын", — деді Мырзаев.
Еске сала кетсек, кеше бірқатар отандық БАҚ-та мектеп жанындағы мешіттер сүріледі деген ақпарат тарап, ел дүрлігіп қалған болатын. Онда Қазақстанда биылғы жылдың сәуірінде діни ғимараттардың құрылысын регламенттейтін жаңа нормалар қабылданғаны, енді мектептен 300 метр аумақта орналасқан барлық мешіт сүрілетіні айтылған еді.
Тағы оқыңыз: Астанадағы ең әдемі мешіттер — фото