АСТАНА, 31 шілде – Sputnik. Түркістан облысында шенеуніктер ұмыт қалдырған ауылдың тұрғындары әкімді іздеп барды. Өздері тұратын көшеге қонаққа шақыруға барғандар лауазымды тұлғаның орнында жоқ болғанына ашуланып, шу шығарды. Қабылдап алған орынбасарына коммуналдық проблемаларын төтесінен қойды. Жол азабын тартып ашынған ағайын Қарасу ауылының әкімі Ербол Байырбековпен кездесуді асыға күтіп жүрген еді, іздеп таппай дал болды.
Otyrar.kz сайты хабарлағандай, Сайрам ауданы Қарасу ауылындағы тұрғындар үкіметтің көмегінен үміттерін үзген. Олар жалпыға ортақ коммунналдық мәселелерді өздері шешіп үйренген. Бірақ қайта-қайта қаржы жинап, асарлатуға кейбір көршілерінің шамасы жетпейтінін ашық айтады.
Осылай жоғын түгендеп жүргенде, "Сайрам Тазалық" мекемесінің қызметкерлері су құбырын жүргізу үшін көшелерді қазып, құрылыс жұмыстары біткен соң жолды жөндемей кеткен. Тұрғындар мұнан кейін де екінші рет ақша жинап жолға тас төсепті.
"Су жүргіземіз деп көшенің быт-шытын шығарды. Су құбырын жүргізбес бұрын көшемізге тас төселген еді. Кейін құбырды жүргізіп, су құбырын жүргізген компания көшемізді тас-талқан етті", — дейді жергілікті тұрғын Мәдина Ахметова.
Тас төселгенімен көшеде асыр салып ойнау мұңға айналған. Тіпті қиыр тастардан үлкендердің өзі әрең жүреді. Оны тегістеу көлігін шақыру қыруар қаржыны талап етеді.
Бұл көшеге жедел жәрдем көлігі де кіруді қойыпты. "Шақырту түскен үйге жаяулатып келуді дәрігерлер де үйреніп алды" дейді ашынған ағайын. Шыдамы таусылған тұрғындар қарашамен санаспайтын Қарасу ауылының әкімі Ербол Бекбердиевті арнайы іздеп барды. Бірақ, таппады. Оларды ауыл әкімінің орынбасары тыныштандыруға тырысты. Биыл тағы да жол жөнделмейтінін ашық айтты.
Шенеуніктің бұл сөзі халықтың көңілін көншітпеді. Ал ауыл басшысының өзін бүкіл аудан әкімдігі болып іздеп таба алмаған. Тек түстен кейін ауыл әкімі Ербол Бекбердиевтің аяқ асты ауырып, демалысқа шығып кеткені белгілі болды.