ӨСКЕМЕН, 6 маусым — Sputnik. Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаев сот процестері аяқталғанша еңбек демалысына кететіні туралы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Алтайньюс.
"Құрметті өскемендіктер, жуықта болған жол-көлік оқиғасына байланысты көптеген материал жиналды. Мен жол апатына куә болдым, марқұмның туыстарына шын көңілмен қайғыра отырып көңіл айтамын. Осыған байланысты менің айналамда көптеген қаңқу сөздер тарай бастады. Мемлекеттік қызметте жүргендіктен менің іс-әрекеттерім ең алдымен қоғамдағы сенімді күшейтуге бағытталуы тиіс. Сол себептен мен тергеу жұмыстары кезеңінде жалақым сақталмайтын еңбек демалысына кету туралы шешімге келдім", —деді Қуат Тұмабаев.
Енді Өскемен қаласы әкімінің міндетін уақытша оның орынбасары Ольга Булавкина атқарады.