АСТАНА, 24 шілде — Sputnik. Мексикалық боксшы Сауль Альварес қазақстандық боксшы Геннадий Головкинге қарсы қарымта кездесуі алдында допинг дауын тағы да еске алды, деп хабарлайды Sports.kz.
Ақпан айында "Канелоның" допинг-сынамасы ағзасында кленбутерол барын көрсетіп, соның кесірінен 5 мамырға жоспарланған Головкинге қарсы екінші жекпе-жегі болмай қалған еді. Кейінірек боксшы алты айға дисквалификацияланды.
"Мұнда тағы біреуді араластырғым келмейді. Шындығында, бұл қателікті өзім жібердім, өйткені Мексикада етке қатысты проблеманың қаншалықты ушығып тұрғанын білмедім. Бірақ мұны әдейі жасаған жоқпын, соны пайдаланып көрсеткішімді жақсарту деген ой болмады. Бұл менің кемшілігім, енді қайталамаспын. Бұдан былай сақ боламын. АҚШ-та ет басқадай – қорықпай жей беруге болады, бақылау күштірек. Мексикада көп уақыт тұратындықтан, үйрену керек. Тағы бір рет қайталайын, мен мұны әдейі істеген жоқпын – VADA сынамалары соның дәлелі. Жұдырықтасу үшін тыйым салынған заттарға жүгінетін мен емес. Мен боксты құрметтеймін, кірлеткім келген жоқ", — деді Альварес.
Альварес Головкинді нокаутқа түсіруге бел буды
"Канело" мен GGG-дің ендігі қарымта кездесуі 15 қыркүйекте Лас-Вегас қаласында өтеді.