АСТАНА, 20 шілде — Sputnik.19 шілдеде тонаушылар қолынан ажал құшқан қазақстандық мәнерле сырғанаушы Денис Тенді Дружба ауылында жерлейді. Спортшыны соңғы сапарға шығарып салу сенбі 21 шілдеде Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтеді, деп хабарлады Қазақстанның мәнерлеп сырғанау бойынша бас бапкері Құралай Узурова Sputnik Қазақстанға.
Азаматтық жаназа 09.00-дан 10.30-ға дейін болады. 10.30-да Денис Теннің денесін Дружба ауылындағы зиратта жер қойнауына береді. Жаназа асы сағат 13:00-де болады, қай жерде өтетіні әлі белгісіз.
Кеше хабарланғандай, жерлеу рәсімін ұйымдастыруды Қазақстан мәдениет және спорт министрлігі мен Алматы әкімдігі мойнына алды.
Назарбаев Денис Теннің отбасына көңіл айтты
Денис Тен Алматыда 25 жасында көз жұмды. Түстен кейін үш кезінде Байсейітов және Құрманғазы көшелерінің қиылысындағы мейрамханадан шыққан ол көлігінің айнасын шешіп алғалы жатқан екі жігітті көреді. Оларды тоқтатуға ұмтылған Денис Тен жамбасынан пышақ жарақатын алған. Дәрігерлер оның өміріне араша түсе алмады, 3 литр қан жоғалтқан Денис 17.30-да ауруханада жан тапсырды.
Қылмыскерлер әлі ұсталған жоқ.