АСТАНА, 19 шілде — Sputnik. "Канело" қарымта жекпе-жекте Головкинді нокаутқа түсіру үшін маңызды қадам жасады, деп хабарлайды Sports.kz.
Басылым Dailytelegraph.com.au тілшісі Фатима Кдоуге сілтеме жасап хабарлағандай, Сауль Альварестің Геннадий Головкинге қарсы қарымта кездесуге жақсылап дайындалуы үшін, әйгілі нокаутерлердің бірі арнайы шақырылған.
"Аустралияның ең үздік панчері Билаль Аккави Сауль "Канело" Альвареске спарринг-партнер ретінде қайта шақырылды. GGG-ге қарсы жекпе-жекке дайындалуға көмектеседі", — деп жазды Кдоу твиттерде.
Естеріңізге сала кетсек, орташа салмақтағы аустралиялық боксшы Билаль Аккави – WBA бойынша Океания чемпионы. Ол 5 мамыр алдында "Канеломен" жаттығу үшін шақырылған. Алайда ол кезде допинг дауы шығып, Головкин-Альварес жекпе-жегі болмай қалған еді.
"Канело" — GGG қарымта кездесуі 15 қыркүйекте Лас-Вегаста өтеді.